Accessibility links

Керчь бұғазына дрондар шабуылы кезінде ресейлік танкер бүлінді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Керчь бұғазында дрондар шабуылы кезінде Ресей туы ілінген SIG танкері бүлінді. Бұл жөнінде 5 тамызға қараған түні ресейлік және украиналық телеграм-арналар хабарлады. Кейін ақпаратты Ресей ведомствосы растады. Олар шабуылға Украинаны айыптады.

"Росморречфлоттың" хабарлауынша, танкердің машина бөлімі жағында ойық пайда болған. Шикізат төгілген жоқ, экипажға қауіп төнген жоқ, деп хабарлады Новороссийскідегі теңіз құтқару-үйлестіру орталығы өкілдері.

Ресми мәлімет бойынша, кеме бортында 11 адам болған. Оларды эвакуациялауға қажеттілік болмаған: бірнеше адамға жарықшақтар тиіп, жеңіл жарақат алған, деп жазды "Осторожно, новости" Телеграм-арнасы.

Бұған дейін аталған арна "теңізшілер келіссөзінен" үзінді жариялаған. "Өз бетімізбен жылжи алмаймыз ғой. Буксирсіз. Машина [бөлімін] су басты. Басшылықтың не шешетіні белгісіз. Бізге қандай да бір зауыт керек" деді экипаж мүшелерінің бірі түнде.

Сол кезде ТАСС агенттігі бүлінген танкерге екі буксир келгенін, танкерді тіркеп сүйреу мәселесі шешіліп жатқанын жазған. Қазір танкерге су келіп жатқан жоқ, экипаж бүлінген бөлікті өзі зерттейді, деп жазды "Осторожно, новости".

Химиялық заттар мен мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған SIG танкері Қырымнан Сирияға авиаотын тасымалдағаны үшін 2019 жылы АҚШ санкциясына ілінген.

Дрон шабуылы салдарынан Қырым көпірінде қозғалыс үш сағатқа тоқтаған.

Аннексияланған Қырымның бірнеше аудан тұрғындары жарылыс дыбысын да естіген. Ресей тағайындаған Қырым басшысының кеңесшісі Олег Крючковтің айтуынша, "Керчь пен Қырым көпірі тұрғындарына естілген қатты дыбыстың дрон шабуылына қатысы жоқ".

XS
SM
MD
LG