Accessibility links

Қазақстанда психикалық саулыққа көзқарас өзгеріп келеді


Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылы 2179 адам өзіне қол салған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз.
Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылы 2179 адам өзіне қол салған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз.

Психикалық саулық саласындағы мамандар консервативті қоғам мен советтік дәуірден қалған стигмаға қарамастан, дәрігерден кеңес пен көмек алуға келетін жастар көбейгенін айтады.

Алтыншаш Матаева жаңа туған сәбиі шетінегеннен кейін күйзеліске түскен.

Күйеуі дінге бет бұрып, Алтыншашты да өзі қаламайтын өмір салтына мәжбүрлеген. Енесімен және күйеуімен ұрыс жиілеп, өзін тығырыққа тірелгендей дәрменсіз сезінген.

Алтыншаш баласын алып, Оралдан Астанаға көшкен. Жаңа қалада білім беру саласындағы қызметін жалғастырып, ата-аналармен жұмыс істеген.

Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүріп, қашықтан психология мамандығын оқыған.

– Өз мәселемді қазбалап, себебін іздей бастадым. Кейін басқаларға көмектескім келді, – дейді Матаева.

Психотерапевт Алтыншаш Матаева үш жыл бойы әртүрлі қиындықтарға тап болған жасөспірімдерге арналған жедел желіде істеп, 20 баланың өмірін құтқарғанын айтады.
Психотерапевт Алтыншаш Матаева үш жыл бойы әртүрлі қиындықтарға тап болған жасөспірімдерге арналған жедел желіде істеп, 20 баланың өмірін құтқарғанын айтады.

Ол үш жыл бойы әртүрлі қиындықтарға тап болған жасөспірімдерге арналған жедел желіде істеп, 20 баланың өмірін құтқарған. Қазір Алтыншаш Қазақстан мен шетелде тұратын балалар мен ата-аналарға кеңес берумен айналысады.

Маманның айтуынша, бірнеше жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір психолог қызметіне жүгінетін жастар көбейген. Алтыншаш жастар көбіне интернеттен ақпарат оқып, өздеріне диагноз қоюға бейім екенін айтады.

Совет Одағында тәрбиеленген адамдар психикалық көмекті мәжбүрлі практикалармен байланыстырады.

– Сондықтан ересек адамдарға психотерапевтке бару немесе оның жұмысын түсіну қиын, – дейді Алтыншаш.

АЙШАНЫҢ ХИКАЯСЫ

Кейде ата-аналар балаларының маман көмегіне жүгіну туралы өтінішін елемейді. 15 жастағы Айшада да солай болған. Жасөспірім қыздың басындағы жағдай анасымен тікелей байланысты.

Қазір Айша Астанада тұрады, отбасы Жезқазған қаласынан. Бала күнінде ата-анасы ажырасып кеткен. Айша ата-әжесінің қолында өскен, кейін атасы дүние салған.

Анасы ішімдікке салынып, қызын ұра бастаған. Айша ұйықтай алмаған кездерде анасы пышақ ала жүгіретін. Азаттық бұл оқиғаны кейіпкердің өз аузынан жазып алды, бірақ жас қыздың аты-жөнін өзгертіп беріп отыр.

12 жасында Айшаға ағасы тиіскен. Осыдан кейін жас қыз өзіне зақым келтіре бастаған. Мұны көрген анасы психикалық денсаулық саласындағы маманға хабарласқан. "Сол кездің өзінде ішіп алған еді" – дейді Айша.

Айшаның психотерапевтке айтары көп болған. Отбасындағы қиындықтардан бөлек, жасөпірім қыз мектепте де қорлық көрген.

Маманнан кеңес ала бастаған алғашқы жылы Айша суицидиалды ойларынан арылу үшін өзіне ұзақ әрі терең клиникалық терапия керек деп қауіптенсе де, рефлексия жасап, өткенін ой елегінен өткізуге тырысқан.

– Бастан өткен жағдайлардан кейін өміріңді жеңілдеткен пайдалы. Жақсы сеанстан кейін жаның жадырап қалады. Консультант маған көп нәрсені көріп, өз бағамды түсінуге көмектесті, – деді Айша. Ол анасы кәсіби консультацияны жалғастыруға қарсы болмас деп үміттенеді.

– Анам – өте ашық, көпшіл адам. Жалғыз өмір сүруге көндіге алмайтын сияқты, – дейді ол.

Алтыншаш 2017 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен құрылған жедел желіде қоңырауларға жауап беріп, консультация өткізетін 6-7 оператормен бірге бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз терапевт болып істеген.

Терапевтке түсетін қоңыраулардың көбі отбасындағы немесе мектептегі зорлықпен байланысты. Алтыншаш үш сағатқа созылған кезекті қоңыраулардың бірінде Ақтөбеден хабарласқан жігітті телемұнарадан секірейін деп тұрған жерінен аман алып қалған. Мұндай шешімге жас жігіттің анасымен келісе алмауы себеп болған.

Анасы ұлының жалақысын ұрлаған. Алтыншаш бір-бірін айыптаған анасы мен ұлын татуластырған.

– Ертеңіне жағдайын білуге хабарластым. Сөйлесуге уақытым жоқ деді. Жақсылыққа баладым, – дейді Алтыншаш күліп.

Жұмыс барысында небір ауыр жағдайлар болады. Жедел желіге хабарласқан бойжеткен анасын асылып тұрған жерінен тауып алған. Алтыншаш қыздың үйіне төтенше қызмет өкілдерін жіберген.

Жыныстық зорлық көрген адамдармен сөйлесу де қиын. Алтыншаштың сөзінше, оңтүстік өңірлерде консервативті қоғамда тәрбиеленген азаматтарға жыныстық қатынас тақырыбында ашылып әңгіме айту қиын.

– Жедел желіге басқа терапевтерді тарту қиын болды. Жалақысы аз, жұмысы ауыр. Үнемі байланыста болып, өзін өлтірмек болған немесе суицид туралы ойынан арыла алмаған адамдармен сөйлесу керек, – дейді Алтыншаш.

Жедел желі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан. Алтыншаш осы қызметте жүріп өз денсаулығына да зақым келгенін айтады.

Қазір Алтыншаш әлі де терапевт болып істейді. Жастарға арналған “Менің жаңа болмысым” деп аталатын мотивациялық тренингтер өткізеді.

Ол жақында психикалық денсаулық бойынша жастарға арналған күнделік шығарды.

– Бұл – біз үшін жаңа әрі маңызды бағыт, – дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстан жан басына шаққандағы суицид саны жоғары 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Он шақты жыл бұрын алғашқы үштікте еді.

Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылы 2179 адам өзіне қол салған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз. Қазақстан халқының 4 пайызында депрессияға шалдығу тіркелген. Бірақ бұл дерек мәселенің шынайы ауқымын көрсетпейді.

Мамандар әлеуметтік желілердің дамуымен қатар адамдарда интернетке тәуелділік пен жалғыздық сезімі күшейгенін айтады. Бірақ дәл осы платформалар психикалық саулық мәселесін көтеруге де жақсы серпін берді. Бұған аудиторияға ықпалы бар тұлғалардың осы тақырыптағы тәжірибесін кеңінен бөлісуі себеп болды.

Былтыр Қазақстанға танымал Ninety one тобы UNICEF және TikTok ұйымдастырған “Психикалық саулық – бірінші орында” деген науқанға қосылды. UNICEF дерегінше, науқан барысында 100 мыңнан астам жасқа психикалық саулық жөнінде ақпарат берілген.

Ninety One тобы.
Ninety One тобы.

Осындай маңызды тақырыпты жиі көтеріп жүргендердің бірі – Ринат Балғабаев. Ол желіде саясат пен қоғам туралы сатираға толы жазбаларымен танылған. Кейінгі кездері әлеуметтік тақырыпта деректі фильмдер түсіріп жүр.

Ринат Балғабаевтың кейінгі еңбектерінің бірі босанудан кейінгі депрессияға арналған. Коронавирус пандемиясы кезінде ауруынан жаңа айыққан Ринат та күйзеліске түскен.

– Күйіп кететінімді білдім. Өзі күйгелек адаммын, бәрін бақылауда ұстағанды жақсы көремін. Әп сәтте бәрі бақылаудан шығып кетті, – дейді Ринат.

Ринат Балғабаев.
Ринат Балғабаев.

Өзіне депрессия деген диагноз қойылған соң, Ринат психотерапевтпен жұмыс істеген. Ол кәсіби маман көмегіне жүгіну өмірін сақтап қалғанын айтады.

Қазір ол өзінен көмек сұрап жазған оқырмандарына кәсіби мамандар мен пайдалы әдебиеттер ұсынып, барынша қолдауға тырысады.

Деректі фильм түсіру барысында үнемі терапевтермен жұмыс істейді.

– Психикалық мәселелері бар адамдар көбейген де, азайған да жоқ. Тек маман көмегіне жүгінуге әзір адамдар саны артты. Ірі қалаларда психикалық саулық туралы сөйлесу қалыпты дүниеге айналды, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG