Тәжікстанның Хатлон облысындағы Куляб қаласына кіре берісте 6 тамыз күні кешке тіркемесі бар жүк көлігі автомобиль мен үйге соғып, 10 адам өлген, 11 адам жараланған. Мұны жергілікті билік хабарлады.
"Сегіз адам сол жерде, екі адам ауруханада өлді. 11 адам дәрігер бақылауында, екеуі ауыр жағдайда" дейді Куляб аймағы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Шарофиддин Рустамов. Оның сөзінше, өлгендер арасында сәби де бар.
Тәжіктің Asiaplustj.info жаңалықтар сайтының хабарына қарағанда, жүк көлігі соққан үйдің үш адамы көз жұмған. Ол үйде үйлену тойы болып жатқан. Қалған жеті адам жүк көлігі соққан автомобильдердің жүргізушілері.
Тәжікстан төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, жүк көлігінің тежегіші істемей, үй мен автокөліктерге қатты екпінмен соққан.
Бұған дейін жергілікті БАҚ дәрігерлердің ақпаратына сүйеніп, 14 адам қаза болды деп хабарлаған еді.
ПІКІРЛЕР