Accessibility links

Жиддадағы кездесуге қатысқан елдер Украинаның тұтастығын қолдады


Биыл мамыр айында Владимир Зеленскийдің Сауда Арабиясына сапары кезінде Жиддаға барған кезі
Биыл мамыр айында Владимир Зеленскийдің Сауда Арабиясына сапары кезінде Жиддаға барған кезі

5-6 тамыз күндері Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге арналған халықаралық келіссөзге қатысқан мемлекеттер Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдады. Бұл туралы ақпарат агенттіктері мен батыс БАҚ-тары дереккөздеріне сүйене отырып хабарлады. Мұны Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак растады.

Пікір алысуға 40 елден келген қатысушылар қандай да бір ортақ құжатқа келіспеген. Алайда ол құжат аса маңызды болмаған, өйткені кездесудің негізгі мазмұны бірыңғай ұстанымды қалыптастыру емес, пікір алмасу болған.

Кездесу қорытындысы бойынша Ермактың мәлімдемесінде Жиддада "әділ және берік әлем құруға тиіс негізгі қағидалар бойынша өте нәтижелі консультациялар" өткені жазылған.

"Түрлі көзқарас болды, алайда қатысушылардың бәрі өз елдерінің БҰҰ жарғысына, халықаралық құқық және мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаларына адалдығын растады" дейді Украина делегациясын басқарған президент кеңсесінің басшысы.

Бұл кездесуге Ресей шақырылмаған. Эр-Рияд кездесу қорытындысы жөнінде Мәскеуді хабардар етпек.

Ермактың айтуынша, кездесуде украин делегациясы Украинаның ядролық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, тұтқындар мен депортацияланғандарды босату, БҰҰ жарғысы мен елдің аумақтық тұтастығын сақтауды көздейтін бейбітшілік формуласы туралы егжей-тегжейлі айтып берген.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Жиддадағы кездесуге қатысқан мемлекеттердің тізімін де жариялады. Тізімде саяси немесе ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілер деңгейінде Еуропа одағы оннан астам елі, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Азияның да оннан астам елі, оның ішінде Үндістан, Қытай және Жапония, Африканың екі мемлекеті — Египет пен Оңтүстік Африка, Оңтүстік Американың үш елі — Аргентина, Бразилия және Чили бар.

Америкалық The Wall Street Journal газеті дереккөзіне сілтеме жасап, қазіргі кездесудің маусым айында Копенгагенде өткен алғашқы кездесуден айырмашылығы бар екенін жазды. Ақпаратқа қарағанда, Украина бірқатар дамушы елдермен позицияларды жақындастыру үшін өзінің бейбітшілік формуласын толық қабылдауды талап етпеген. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмады, ал Ермактың кездесу туралы хабарламасында "бейбітшілік формуласын" талқылау туралы айтылған.

DPA агенттігі дереккөздеріне сілтей отырып, кездесуде Сауд Арабиясы мен басқа да бірқатар ел ұсынған жаңа бейбіт жоспарға көп көңіл бөлінгенін хабарлады. Ол барлық майданда атысты тоқтатуды және БҰҰ делдалдығымен Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерді бастауды көздейді. Сондай-ақ жиында Украинаның аумақтық тұтастығы сақталуы керек екені айтылған. Келіссөзді бастау шарты ретінде Ресей әскерін Украина аумағынан шығару туралы жоспарда айтылмаған. Киев мұндай тұжырымды бірнеше рет атысты тоқтатудың міндетті шарты деп атаған болатын.

Кездесуге Қытайдың Еуразия істері жөніндегі өкілі және Ресейдегі бұрынғы елшісі Ли Хуэй де қатысып жатыр. Пекин өкілінің бұл кездесуге қатысуы ерекше назар аудартқан. Себебі Пекин бұған дейін мазмұны жағынан Сауд Арабиясына ұқсас бейбіт бастама көтерген. Әзірге Қытай тарапы келіссөздер туралы пікір білдірмеді.

Бұған дейін Кремль келіссөз барысын мұқият бақылайтынын мәлімдеген. Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев жексенбіде кез келген бейбіт келіссөздердің шарты — "тарихи контекст пен қазіргі шындықты есепке алу болуы керек" деді. "Алайда келіссөздердің қажеті жоқ. Дұшпан аяушылық сұрап, тізе бүгуі керек" деп жазды Медведев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG