Accessibility links

Қарақалпақстандағы Нөкіс оқиғасына байланысты Өзбекстанның үш полицейі сотталды


Нөкіс оқиғасы. 1 шілде 2022 жыл
Нөкіс оқиғасы. 1 шілде 2022 жыл

Өзбекстан соты 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстан автономиялы республикасында болған жаппай наразылыққа байланысты іс бойынша үш полицейді соттады.

Өзбекстан жоғарғы соты Қаған қаласының қылмыстық істер бойынша соты өткен аптада полицияның екі қызметкерін адамды азаптағаны үшін жеті жылға бостандығынан айырғанын хабарлады. Тағы бір полицей үш жылға сотталған.

Үш полицей де өздеріне тағылған айыпты мойындамай, апелляциялық шағым түсірген.

Биыл қаңтардың соңында Қарақалпақстандағы жаппай наразылыққа байланысты 22 белсендіні ұстап, "конституциялық құрылысты төңкеріп, билікті басып алмақ болды" деген айыппен соттаған. "Ел қызметінде" газеті бюросының адвокаты, журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовты 16 жылға бостандығынан айырған.

Нөкіс оқиғасына байланысты алты жылға сотталған Қарақалпақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық іздестіру бөлімінің бұрынғы бастығы, Қарақалпақстанның тұңғыш және жалғыз президенті Дәулетбай Шәмшетовтің ұлы Полат Шәмшетов арада бес күн өткенде өзі отырған Бұхара түрмесінде жұмбақ жағдайда өлген. Оған жүрек талмасы ұстаған деген диагноз қойған.

Белсенділердің сөзіне қарағанда, Полат Шәмшетовтің қолында өзбек құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы наразылықты басу кезінде қару қолданды ма, жоқ па деген сауалға жауап бере алатындай мәлімет болған.

Биыл наурызда Нөкіс оқиғасына байланысты тағы да 39 белсенді сотталған. Он бірін сот залынан шартты жазамен босатқан. Қалған 28 адамға сот бес жылдан он бір жылға дейін үкім кескен. Кейбіріне кесілген жазаны маусымда жеңілдеткен.

Нөкіс оқиғасы 2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстанның жаңа конституциясының жобасы жарияланғанда басталған. Жаңа конституцияда Қарақалпақстанды егемендігінен айыру көзделген. Нөкістегі қантөгістен кейін Өзбекстан парламенті Қарақалпақстанның егемендігін конституцияда қалдырған.

Өзбекстан билігінің мәліметінше, Нөкіс оқиғасында 21 адам өлген. Тәуелсіз бақылаушылар жаппай наразылық кезінде 77 адам өлген деп санайды. 500-ден астам адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG