2023 жылдың қаңтарынан шілдеге дейінгі аралықта Ресейде "мемлекетке опасыздық жасады", "тыңшылық етті" деген айыппен кем дегенде 82 қылмыстық іс қозғалған. "2022 жылы мұндай айыппен 20 іс қаралған еді" дейді "Холод" басылымы. Басылым зерттеушілері қылмыстық іс мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені Ресей федералды қауіпсіздік қызметі бәрін бірдей жарияламайды деп санайды.
"Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша осынша көп қылмыстық іс соңғы рет Иосиф Сталиннің кезінде қозғалған болатын. Сталин өлгеннен кейін де СССР-де дәл қазіргі Ресейдегідей көп іс қозғалған емес" деп жазады басылым.
"Холод" материалы мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша істің күрт көбейгеніне арналған. Басылым жазуынша, "бұрын қорғаныс кәсіпорындарының қызметкерлері, әскери қызметкерлер, мемлекеттік құпияны білетін ғалымдар ғана мұндай іске тартылатын. Қазір екінің бірі айыпталып жатыр. Тіпті әлеуметтік желіде лайк басқандарға да осындай айып таға салатын болған.
Ресейдің "Бірінші бөлімінің" адвокаты Евгений Смирнов кейінгі айларда "опасыздық жасау" бабымен айыпталғандар анағұрлым көп деп есептейді. Оның сөзінше, Ресейде айына орта есеппен 20 қылмыстық іс қозғалады. "Әрбір жұмыс күні бір қылмыстық іс қозғалып жатыр деген сөз, – дейді адвокат. – Мұндай қарқынмен желтоқсанның соңына қарай 250-ге жетуі мүмкін".
Журналистердің жазуынша, 1960 жылдары СССР билігі мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен жылына 150 қылмыстық іс қозғаған, совет өкіметі ыдырар қарсаңда бұл цифр мейлінше азайған, ал ең көп қозғалған тұс - сталиндік қуғын-сүргін тұсында болған.
"Бірінші бөлім" мәліметіне қарағанда, 1997 жылдан 2017 жылға дейін Ресейде "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 101 қылмыстық іс ашылған, яғни жылына бес істен келеді.
"Бүгінгі Ресейде "мемлекетке опасыздық жасау" деген айыптан сақтану мүмкін емес. Одан құтылудың жалғыз тәсілі бар, ол үшін ешқандай шетел азаматымен қарым-қатынас жасамау, мемлекетік БАҚ-тағыдан өзге ақпарат құралдарындағы жаңалықтарды оқымау, көрмеу, ештеңеге қызықпау, таныстардан ештеңе сұрамау, әлеуметтік желіге ештеңе салмау, шетелге шықпау керек", – дейді басылым.
2023 жылдың сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин қылмыстық кодекстің кей баптарын қатайтатын заңға қол қойған. Оның ішінде мемлекетке опасыздық жасағандарды өмір бойына қамау туралы бапқа енген өзгеріс те бар. Оған дейін бұл бап бойынша 20 жылға дейін қамап, 500 мың рубльге дейін айыппұл салатын.
ПІКІРЛЕР