Accessibility links

Абай облысында Қаңтардан кейін қамалған Әлпиев пен Әлиевке шыққан үкім өзгермеді


"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Семей тұрғыны Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев сотта. Семей, 27 наурыз 2023 жыл.

4 тамызда Абай облыстық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталып сотталған Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл жөнінде 10 тамызда терроризмге қарсы орталық хабарлады.

26 мамырда Семей соты Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевті 9 және 7,5 жылға соттаған. Сот оларды қатаң режимдегі колонияға жіберген.

4 тамыз күнгі сот отырысына Әлпиев пен Әлиевті тергеу изоляторынан әкелмеген. Қорғау тарабы бірінші инстанциядағы үкімнің күшін жойып, ақтауды сұраған. Айыпталушылардың адвокаты Лариса Сурганова сот кезінде үкімді заңсыз және негісіз санайтынын, "тергеу толық жүргізілмегенін, процессуалдық заңсыздықтар болғанын, сот үкіміндегі тұжырымдар істің мән-жайымен сәйкес келмейтінін" атап өткен.

Сот отырысы кезінде адвокат сот басталғанға дейін қорғау тарабының құқығы бұзылғанын, атап айтқанда видеоны көру үшін аудармашы шақырылмағанын, портреттік сараптама жүргізуге мүмкіндік бермегенін, сарапшыны тарту туралы ұсыныс кері қайтарылғанын атап өткен. Сарапшы Әлпиев пен Әлиевтің өзге адамдармен әңгімесін насихат емес, мәлімет алмасу деп сипаттаған. Адвокат сот кезінде бұдан да бөлек заңсыздықтар болғанын алға тартқан. Адвокаттардың айтуынша, үкімде Әлпиев пен Әлиевтің заңмен тыйым салынған нақты қандай әрекетке барғаны жазылмаған.

—Айыптау үкімі тиісті талаптарға сәйкес келмейді, үкімнің сипаттау бөлігі дәлелдермен расталмаған, үкімнің бөлігінде едәуір қайшылықтар бар. Видеода терроризмді насихаттау белгілері бар-жоғын анықтауы тиіс болған сот-діни сараптамасы жүргізілмеген, — деді қорғау тарабы.

Ал прокурор өз кезегінде Әлиев пен Әлпиевтің кінәсі толық дәлелденді деді.

Кеңесу бөлмесіне кеткен судья 20 минуттан соң оралып, апелляциялық шағым қанағаттандырылмасын деп үкім етті.

Облыстық сот Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевке шыққан шешім туралы жазған жоқ. 10 тамызда терроризмге қарсы орталық сайтында хабарлама жарияланды. Онда сотталушылардың аты-жөні толық айтылмайды. Орталық олардың аттарының бастапқы әріптерін ғана жазып, оларды "радикал" деп атаған. Хабарламада сотталушылардың жұрт арасында "радикалды діни идеологияны таратып, азаматтар мен күштік құрылымға күш көрсетуге үндегені" жазылған.

Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев қандай да бір радикалды көзқарас ұстанатынын жоққа шығарады. Қамауда отырған кезде олар "тергеу органдары, сот пен ҰҚК қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне" қарсылық білдіріп, ауыздарын тіккен, аштық жариялаған. Олар "мұсылман болғаны үшін және сақал өсіргені үшін" ұзақ уақыттан бері өздерін қудалап жатқанын айтқан. Сотта айыптау жағы әкелген куәгер де қысыммен жауап бергенін айтқан.

Семей тұрғындары Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев былтыр Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін – 12 қаңтарда ұсталған. Оларға бастапқыда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған. Жарты жылдан соң "дәлелдер табылмағандықтан" іс жабылған. Алайда оларға "терроризмді насихаттау" бабы бойынша жаңа іс ашылған.

Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевті "БелсенділерЭкстремистЕмес" құқық қорғау тобы Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған саяси тұтқындардың тізіміне енгізген. Билік елде саяси немесе діни сенімі үшін қудалау барын мойындамайды.

XS
SM
MD
LG