Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында былтыр ашылған №11 аралас мектептің басшылығы 9-сынып бітірген оқушыларға басқа мектептің аттестатын берген. Қаладағы "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің ақпаратына қарағанда, №11 мектепте бала оқытуға "лицензия болмаған". Бұл жөнінде бүгін, 11 тамызда Азаттыққа қоғамдық бірлестік мүшелері хабарлады. Қоғамдық ұйым мүшелері "әкімдік пен білім бөлімі жаңа ғимаратты асығыс қолданысқа енгізіп, ғимаратты "Шаңырақ" қазақ мектебіне бергізбеудің амалын жасаған" деп топшылайды.
"Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құралай Садықованың айтуынша, №11 мектепте оқыған кемі жеті балаға №14 мектептің аттестаты берілген.
- Мектеп басшылары жазда балалардың аттестатын бермей, уақыт соза бастаған. Бұған ата-аналар наразы болған. Кейін комиссия құрылып, мектепте тексеру жүргізілген. Комиссия мүшелеріне мектеп басшылығы "мектепте лицензия жоқ, сондықтан басқа мектептің аттестаты беріліп жатыр" деп айтқан, - деді Садықова.
Риддер тұрғыны Серік Төлегенов осы фактіні тексеруге құрылған арнайы комиссияның құрамында болған. Ол Азаттық тілшісіне өзінің баласына да басқа мектептің аттестаты берілгенін растады.
Бұл мәселеге "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі де назар аударып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағым түсірген. Шағымда "Қазақ тілінде оқығандарға №14 мектептің, ал орыс тілінде оқығандарға №3 мектептің аттестаттары беріліп жатыр" деп көрсетілген. "Әділдік жолы" құзырлы органға жеті баланың аттестатының көшірмесін де жолдаған.
"Мектеп мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 24 миллион теңгеге жөндеу жүргізуге тапсырыс берген. Былтыр ғана қолданысқа енгізілген жаңа мектепті жөндеуге әлден тапсырыс беріп жатқаны сұрақ туындатады. Сонымен бірге пәндік кабинеттер жеткілікті жабдықтандырылмаған, сондықтан ШҚО білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінен лицензия ала алмаған. Жабдықтарды мердігер "Облшығысжол" компаниясы жеткізуге тиіс болған. Алайда мектеп басшылығы оны талап етудің орнына, құралдарға бюджет есебінен тапсырыс берген. Осы фактілер бойынша тексеру жүргізуді сұраймыз" деп жазылған "Әділдік жолының" 10 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жөнелткен шағымында.
№11 мектепті мемлекеттен бөлінген 2,5 миллиард теңгеге "Облшығысжол" компаниясы салған. Компанияға мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов иелік етеді. Азаттық Тұмашинов ШҚО-ның жуықта ғана қызметінен босатылған әкімі Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес болғанын анықтаған.
-Лицензиясы жоқ мектеп жабылып, лицензиясы бар "Шаңырақ" құрал-жабдықтарымен осы ғимаратқа көшірілуге тиіс болған. Олар әдейі істеген, - деп күмәнданады "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құралай Садықова.
Риддер қалалық білім беру бөлімінің басшысы Любовь Микульская екі күн бұрын, 9 тамызда ата-аналардан құралған комиссияға лицензия жоқ екенін растаған. Ата-аналар түсірген видеода Микульская "физика, химия кабинеттеріне қажетті жабдықтар жеткізілмегенін" айтқан. "Біздегі ең үлкен ескерту - лицензия. Егер лицензия жоқ болса, мекеме болуы мүмкін емес" деген.
Азаттық тілшісі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Әсем Ағажаеваға хабарласып, лицензия жоғы рас па деп сұраған. Әкімнің орынбасары кейінірек жауап беретінін айтқанымен, әлі жауап келмеді. Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева "тек ресми сауалхатқа" жауап беретінін айтты. Азаттық ШҚО білім басқармасына ресми хат жолдады.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Риддер қаласындағы қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектептің ескіргені жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу жолдаған. Олардың сөзінше, қазір №11 мектепке тиесілі болып отырған жер 2008 жылы "Шаңырақ" мектебіне ғимарат салуға бөлінген. Бірақ 2019 жылы шешім өзгерген, тұрғындар жердің аралас мектепке берілетінін былтыр, мектеп ашыларда білгенін айтқан.
"Шаңырақ" мектебі 1936 жылы және 1958 жылдары салынған екі ғимаратта орналасқан. Ғимараттар арасы алшақ орналасқан. Олардың біреуі совет кезінде "Пионер үйі" ретінде салынған. Екіншісінің спорт залы апатты жағдайда болғандықтан жабылған. Оқушылар мен мұғалімдер сабақ арасында үлкен екі көшені қиып өтіп, қатынайды.
ПІКІРЛЕР