Accessibility links

Ашғабат Ресейдің Қытайға газ тасымалдауды арттыру жоспарына алаңдаушылық білдірді


Ашғабат Ресейдің Қытайға газ тасымалдауды арттыру жоспарына алаңдаушылық білдірді. Түркіменстанның мемлекеттік "Түркіменгаз" концерні төрағасының орынбасары Мырат Аршаевтің мәлімдемесі сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды. Аршаев Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты экономикалық әріптестік департаментінің директоры Дмитрий Биричевскийдің Ресей, Өзбекстан және Қазақстан арасында "үштік газ одағын" құру туралы мәлімдемесіне (Орталық Азия елдерінде газ бойынша келісім басқаша аталып жүр) пікірін айтқан. Биричевский РИА "Новости" агенттігіне үш ел арасында газ одағын құруға өзге елдер де мүдделі болып отырғанын айтқан.
Ашғабат өкілі мәлімдемесінде ресейлік дипломат газ әріптестігі туралы сұрақтарға нақты жауап бермегенін атап өткен.
"Ал мұндайда нақтылық керек, себебі ол өзге елдердің, оның ішінде Түркіменстанның мүддесіне де қатысты" деді Аршаев.
Оның айтуынша, Өзбекстан мен Қазақстаннан газ "түркімен және қытай жағы" салған құбырлар арқылы жеткізіледі.
"Ал құбырды өзге елдердің газымен толтыру қарастырылмаған" деді Аршаев.
Ашғабат Қытай нарығында түркімен газының Ресей газымен бәсекеге түсу ықтималдығына алаңдап отырған болуы мүмкін. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы газ экспортынан түсетін кірістен құралған Түркіменстанда 2022 жылы газ қымбаттағаннан кейін Дүниежүзілік банк есебінше, елдің жалпы ішкі өнімінің дамуы 2 пайызға жуықтаған. Түркімен газының негізгі сатып алушысы – Қытай.
"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, Өзбекстан және Қазақстанмен жасалған келісімнің көмегімен Ресей түркімен құбыры арқылы Қытайға газ экспорттай бастауы мүмкін. Аталған құбыр 55 млрд текше метр газ тасымалдай алады, ал қазір шамамен тек 40 млрд текше метр газды тасымалдап жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG