Accessibility links

Абай облысындағы өртке кім жауапты? Путин ұсынған газ одағы іске аса бастады ма?


Абай облысындағы орман өрті. Төтенше жағдай министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған. Маусым айы, 2023 жыл.
Абай облысындағы орман өрті. Төтенше жағдай министрлігінің Телеграм-арнасынан алынған. Маусым айы, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Абай облысындағы орман өртіне кім жауапты деген сұраққа жауап іздеді. Сондай-ақ Қазақстан Еуразия экономика одағына кіретін елдердің ішінде барлық тауар топтары ең көп қымбаттаған және халықтың сатып алу қабілеті төмендеген елге айналғанын жазды. Бұдан бөлек Путин ұсынған Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан газ одағы біртіндеп басқа форматта іске асып жатыр ма дегенді талдады.

АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨРТ: ЖАЗАЛАҒАНДАР МЕН НЫСАНАҒА АЛЫНБАҒАНДАР

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Абай облысындағы орман өрті үшін кім жауапты деген сұраққа жауап іздеді.

Абай облысындағы орман өртінің аумағы 60 мыңнан астам гектарды шарпыды. Өрт кезінде 15 адам қаза болды, оның 14-і – орман шаруашылығының қызметкерлері. 15 маусым күні төтенше жағдайлар министрлігі өртті оқшаулап, ахуал бақылауда екенін хабарлады. Мақала авторы Коллин Вуд қазақстандықтардың төтенше жағдай кезінде үкіметтің қалай әрекет еткеніне наразылығы әлі де басылмай тұрғанына назар аударады. Қоғам бұған кімдер жауапты және олар қандай жауапкершілік арқалауы керек деген мәселені талқылап жатыр.

Бас прокуратура өртке байланысты «салғырттық» және «екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ал президент Тоқаев бірнеше мемлекеттік қызметкерге сөгіс жариялады. Автордың ойынша, кімнің қалай жазаланғаны Тоқаевтың жауапкершілік тізбегін қалай көретінін көрсетеді. Бірақ бұл қоғам пікірімен сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Абай облысындағы өрт. 9 маусым 2023 жыл.
Абай облысындағы өрт. 9 маусым 2023 жыл.

Тоқаев Абай облысының жаңадан құрылғанына сілтеп, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қатаң сөгіс жариялаумен шектелді. Әлеуметтік желі қолданушылары мен блогерлер Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовті де жауапқа тартуға шақырды. Абай облысы бір жыл бұрын құрылды, оған дейін бұл аумақ Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған.

Даниал Ахметов 16 маусым күні қызметінен босатылды. Алайда оның қызметтен кетуінің өртке қатысы бар-жоғы екені белгісіз. Ахметов 2014 жылы облыс әкімі болғалы бері оның өкілеті бірнеше рет ұзартылды, биыл маусымда оның өкілеті аяқталған. Бас прокурор өрт ісі бойынша тергелетін азаматтардың қатарында Ахметовті атамады. Автордың пайымдауынша, осы жайт Ахметов өрт ісінде тікелей нысанаға алынбағанын көрсетеді.

Облыс әкімдері өздері басқаратын аймақтағы оқиғаға жауапты, бірақ орман шаруашылығы мен төтенше жағдайды жою – үкіметтің құзыреті. Тоқаев маусым күні төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильинді қызметтен босатты. Алайда орман шаруашылығын бақылайтын экология министрі Зулфия Сүлейменова өз қызметін сақтап қалды. Ол оқиға үшін жауапкершілікті арқалауға дайын екенін айтты, бірақ Тоқаев оны жария түрде сынамады.

Абай облысындағы өрт пен жемқорлық мәселесін талқылауға келгенде көбіне аймақ әкімдері мен орта буындағы шенеуніктердің аттары аталады. Дегенмен оппозицияның кей өкілдері қоғам назарын үкімет құрылымы мен президенттің билікті қолына шоғырландыру салдарына аударуға тырысып жатыр. Автор Qazaq koktemi арт-қозғалысының белсенділері Алматы орталығында «Шындық» атты мемориал орнатқанын келтіреді. Ол бірнеше сағат қана тұрып, алынып тасталды. Ескерткіштің бір бетінде «халыққа атылған оқ, шіріген билік тоқ, ұрпаққа қалғаны шоқ» деген жазу бар. Мемориалда президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаевтың бейнесі салынған, олардың арасында «Жаңаөзен 2011», «Қанды Қаңтар», «Абай 2023» сияқты қасіретті оқиғалар жазылған.

2018 жылдың шілдесінде мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен кісі қолынан қаза тапқан оқиға мен 2019 жылы Астана түбіндегі үйде бес баланың өмірін қиған өрттің арты реформаларды талап еткен қозғалыстарға ұласты. Бірақ Абай облысындағы орман өрті әзірге реформаларды талап етуге ұласпайтын тәрізді. Коллин Вуд климаттың өзгеруі нәтижесінде табиғи апат салдары күштірек сезіле бастайтынын ескерсек, өрт, су басу сияқты оқиғалардың саяси мобилизацияны қашан күшейтетіні уақыт еншісіндегі мәселе деп қорытады.

ЖОҒАРЫ ИНФЛЯЦИЯ ХАЛЫҚТЫҢ САТЫП АЛУ ҚАБІЛЕТІН ТӨМЕНДЕТТІ

Eurasianet сайты Қазақстандағы жоғары инфляция салдарынан сатып алу қабілетінің төмендегеніне назар аударады.

Қазақстан − биыл Еуразия экономика одағына кіретін елдердің ішінде сатып алу қабілеті төмендеген жалғыз мемлекет. Eurasianet мақалада Finprom сараптама порталының мәліметтеріне сүйенген. Биыл қаңтар-наурызда жалақы 19 пайызға өскенімен, инфляция одан жоғары болған.

Еуразия экономика одағына кіретін Қырғызстанда жалақы 42 пайызға, Арменияда 23 пайызға өскен. Бұл екі елде сатып алу қабілеті сәйкесінше 24 және 15 пайызға артты. Тіпті санкция салынған Ресей мен Беларусьте сатып алу қабілеті аздап болса да жақсарған: бұл көрсеткіш сәйкесінше 1,9 және 1,7 пайыз.

Қаңтар-наурыз аралығында Қазақстандағы сатып алу қабілеті бір пайызға төмендеген.

Инфляция да Қазақстан үшін бас ауруға айналды. Қазақстан Еуразия экономика одағына кіретін мемлекеттердің ішінде барлық тауар топтарының баға өсімі бойынша көш бастап тұр. Биыл қаңтар-наурызда елде азық-түлік бағасы 24 пайызға қымбаттады, Ресейде бұл көрсеткіш 9 пайызға тең. Еуразия экономика одағына кіретін елдерде киім-кешек бағасы 7 пайызға қымбаттаса, Қазақстанда ол 17 пайызға өскен.

Былтыр қыркүйекте Ұлттық банк 2022 жылы инфляция 16-18 пайыз аралығында болады деп болжады, бірақ іс жүзінде ол 20 пайызға жетті. Ақпанда ахуал одан бетер нашарлап, жылдық инфляция 21 пайыз болды. Мамырда инфляция 16 пайызға төмендеді.

Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Finprom өз сараптамасында Ұлттық банктің бұл әрекетінің тиімділігіне күмән келтіреді. Мұның әсері шектеулі. Екінші жағынан базалық пайыз жоғары болғандықтан, несие пайызы да жоғары, бұл жеке бизнестің дамуына тосқауыл қояды. Осы көрсеткіштерді негізге алған сарапшылар Ұлттық банк биыл инфляцияны өзі діттеген 7,5-9,5 пайыз аралығында ұстап тұра ала ма деген сұрақ қояды.

ПУТИН ҰСЫНҒАН ГАЗ ОДАҒЫ ІСКЕ АСА БАСТАДЫ МА?

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Ресей президенті Владимир Путин былтыр ұсынған Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейдің газ одағы біртіндеп қалыптаса бастағанын жазды. «Бастапқыда Орталық Азия елдері Мәскеуге энергетикалық тәуелді болып қалудан қорқып, одаққа қосылуға құлықсыз болғанымен, энергетика инфрақұрылымын дамыту қажеттігі екі ел басшысының пікірін өзгерткендей», − дейді мақала авторы Бен Арис.

Бұл аптада Өзбекстан Қазақстан аумағы арқылы Ресейден жылына 2,8 миллиард текшеметр газ импорттауға келісті. Ташкенттің газды қандай бағамен сатып алатыны жария етілмеді.

«Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеумен кез келген серіктестік қауіпті және жүйесіз болып көрінеді, себебі Орталық Азия елдері соңғы кездері Мәскеуден алшақтауға талпынды», − дейді Ресей мен Еуразияны зерттеу бойынша Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров бұрынырақта шыққан мақаласында.

Темур Умаров аймақ режимдерін Мәскеудің геосаяси мүддесінен гөрі ел ішіндегі наразылық көбірек алаңдатады дейді. Өзбекстанда қыста болған энергетикалық дағдарыс мұндай оқиғаның арты наразылыққа апаруы мүмкін екенін көрсетті. Қазақстанда да газ мәселесі 2022 жылдың қаңтарында наразылыққа түрткі болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Қазақстандағы газ қоры 3 триллион текше метрден асады, ал Өзбекстандағы бұл көрсеткіш – 1,8 триллион текше метр. Қазақстан ішкі сұранысты өтеу үшін жылына 30 миллиард текшеметр, ал Өзбекстан 50 миллиард текше метр газ өндіреді. Бірақ халық санының өсуі және өнеркәсіптің дамуы газға сұранысты арттырып отыр. Мұндай жағдайда екі ел газды Түркіменстан не Ресейден ала алады. Бірақ Түркіменстан сенімді серіктес емес. Ал Ресейдің газ қоры жеткілікті, оның үстіне Еуропа елдері соғысқа байланысты Мәскеуден газ импорттаудан бас тартқандықтан, Кремль газ экспортының дәліздерін дамытуға мүдделі.

Ресей биыл Батысқа 150 миллиард текше метрден астам газды экспорттамайды, бұл аймақ елдеріне Мәскеумен саудаласып, тиімді бағаға келісуге мүмкіндік береді. Умаровтың ойынша, ішкі сұранысты өтеу үшін Ресей газын тиімді бағамен импорттау аймақ елдеріне Қытайға газды қымбатырақ бағамен көбірек экспорттауға жол аша алады, ал бұл тиімді бизнес болуы мүмкін.

Автордың жазуынша, үш елдің газ одағы экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, бұл Орталық Азия елдері Ресейден алшақтауға тырысып жатқан тұста Мәскеудің аймақтағы ықпалын күшейтуі ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG