Accessibility links

"Қазақстан ураны үшін геосаяси тартыс" және Мәскеу мен Пекиннің "тапшы ресурсқа таласы"


"Қазатомөнеркәсіпке" қарасты уран кеніштерінің бірі. Сурет ұлттық компанияның ресми сайтынан алынған.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан уранына сұраныс алып елдердің геосаяси тартысын ушықтырып жатқанын жазды. Сондай-ақ қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы неліктен әртүрлі және ол нендей факторларға байланысты екенін талдады. Бұдан бөлек, Ресей саясаттанушыларының "Мәскеу мен Пекин Қазақстанды Жем өзенінен бөліп алады" деген тұжырымының жаны бар ма деген сұраққа жауап іздеді.

"ҚАЗАҚСТАН УРАНЫ ЕУРАЗИЯДАҒЫ ГЕОСАЯСИ ТАРТЫСТЫ УШЫҚТЫРЫП ЖАТЫР"

Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтындағы мақалада Қазақстан уранына сұраныс алып мемлекеттер арасындағы геоэкономикалық және геосаяси бәсекелестікті ушықтырып жатқанын жазды.

Қазақстан − уран өндіретін әрі экспорттайтын ірі ел, әлемде экспортталатын уранның 40 пайызы Қазақстанға тиесілі. Осы күнге дейін ел уранды негізінен Ресейге тасымалдайтын. Бірақ бүгінде елден уран импорттайтын мемлекеттер қатарына АҚШ пен Қытай қосылды. Гоблдың ойынша, бұл геосаяси бәсекелестікті тудырды. Қазақстан қысқа мерзімде бір елге экспортты азайтпай, екінші елге экспортты өсіре алмайтынын ескерсек, геоэкономикалық бәсекелестік көп ұзамай геосаяси конфликтіге ұласуы мүмкін.

Астанада мамырда қабылданған екі шешім ахуалды одан сайын шиеленістіре түсті. Бірінші себеп – елдегі ең ірі Буденовское уран кеніші Ресейдің "Ростатом" компаниясының бақылауына өтті. Қазір "Қазатомөнеркәсіп" елдегі уран өнеркәсібінің 50 пайызын бақылауда ұстаса, Буденовское уран кеніші толықтай пайдалануға берілген соң, бұл көрсеткіш азайып қалмақ. Осылайша Мәскеу өзіне қажет уран шикізатының бір бөлігіне қол жеткізе алады.

Екінші себеп – Астана Пекинге алдағы 10 жылда атом электр станциясына қажет 30 тонна отын сатуға келісті. Бұл Қытайға 2030 жылдың ортасына қарай жылу электр станциясынан бас тартып, атом электр станциясына түбегейлі өтуге мүмкіндік береді. Бұл міндетті орындау үшін Қазақстан уран мен қайта өңделген компоненттер өндірісін 50 пайыз арттыру туралы шешім қабылдады.

Қытай мен Ресей − Қазақстан уранын сатып алушы ең ірі екі ел. Астана өңделген уранды басқа елдерге де тасымалдайтынын ескерсек, Мәскеу мен Пекиннің тапшы ресурсқа таласы күшейіп жатыр.

Гобл осы жайттар Орталық Азияның сыртқы ойыншылармен қарым-қатынасының үш маңызды тұсын ашып берді дейді. Біріншіден, Пекиннің аймақтағы мүддесі Еуропаға және Еуропадан тауар тасымалдау үшін көлік дәліздерін салумен шектелмейді. Қытай уранға да мүдделі. Сонымен қатар Пекин аймақты өз тауарын жеткізетін нарық әрі су мен пайдалы қазбаның көзі ретінде қарастырады.

"Қазатомөнеркәсіпке" қарасты уран кеніштерінің бірі. Сурет ұлттық компанияның ресми сайтынан алынған.
"Қазатомөнеркәсіпке" қарасты уран кеніштерінің бірі. Сурет ұлттық компанияның ресми сайтынан алынған.

Екіншіден, Қытайдың осы мүддесін есепке алсақ, оның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас қандай болуы керек деген мәселе бойынша Мәскеумен келіспейтін тұстары көбейе түспек. Кремль Қытайдың бұл аймақ арқылы Ресейді айналып өтетін дәлізді дамытуынан гөрі Пекиннің аймақтағы мүддесіне көбірек алаңдауы мүмкін.

Үшіншіден, сыртқы күштердің Орталық Азия ресурстарына қызығуы екі нәрсені айқындайды. Біріншіден, аймақ елдері ресурстарға бай. Қазақстан − аймақтағы қатардағы елдердің бірі емес, уран шикізаты бойынша держава. Екінші жағынан аймақта осы ресурстарға байланысты оқиғалар көп елге, тіпті алыста жатқан елдерге де әсер етеді. Шалғайда жатқан елдердің элитасы мұның салдарын қазір толыққанды түсінбеуі мүмкін. Бірақ, Гоблдың ойынша, олар уран төңірегіндегі тартыс пен оған қандай елдер қол жеткізгеніне мән беріп, кейінгі жылдары елеусіз қалған аймаққа назар аударуы керек.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ СОҒЫС ЖАЙЛЫ ПІКІРІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК МӘСЕЛЕСІ

Зерттеуші Сюзанна Лофтус АҚШ-тағы Жауапты мемлекеттік саясатты қолдайтын Куинси институтының сайтында Қазақстандағы халықтың Украинадағы соғысқа көзқарасы ұлттық бірегейлік мәселесіне байланысты екенін жазады. Лофтус Қазақстанға келіп, әртүрлі респонденттермен сұхбаттасқаннан кейін осындай қорытынды жасаған.

Қазақстандағы қазақ этносы өкілдерінің саны халықтың 70 пайызына жетті. Орыс этносы өкілдерінің саны халықтың 16 пайызына жетеғабыл. Зерттеуші қоғамның саяси этностық сипатына байланысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында "қазақстандық", яғни барлық ұлтты біріктіретін тұжырымды концепциялағанына назар аударады.

Лофтустың жазуынша, этникалық азшылықтар бұл қағиданы қабылдауға бейім болғанымен, қазақ ұлтының өкілдері елдің ұлттық бірегейлігі "қазақ" ұлтының төңірегінде қалыптасуы керек, ал ұлттық азшылықтар ассимиляцияға ұшырауы керек деп есептейді. Мұндай ассимиляция қоғамдық орындарда қазақ тілін басым тіл ретінде қолдануды талап етеді.

Зерттеуші Қазақстанды қазақ ұлтымен байланыстыратын топта ел Ресей және совет ықпалынан арылуы керек деген пікір басым болғанын байқаған. Осы топтағы адамдар Ресей билігін отарлаушы деп есептейді. Олардың ойынша, Украина бұрынғы совет республикаларында қысым көрген ұлттар үшін соғысып жатыр. Осы топ негізінен орыстар қоныстанған Қазақстанның солтүстігі Ресей келесі кезекте нысанаға алатын аймаққа айнала ма деп алаңдайды.

Ал ұлтшылдықтың азаматтық концепциясын қолдайтындар Украинадағы соғысты ірі державалардың таласы және Украинаның көпвекторлы саясат жүргізуге құлықсыздығы деп түсіндірген. Бұл қазақстандықтар Украина ұлтшылдарының бірегейлікті қалыптастыру және көпмәдениеттік жайлы ұстанымдарын тым қатаң деп сынайды. Сонымен қатар бұл респонденттер алдыңғы топпен салыстырғанда Ресей мен Совет Одағы жайлы көп теріс пікір білдірмеген. Ал "қазақстандық" ұлт идеясын елдегі бірегейлік пен қоғамды біріктірудің оңтайлы әдісі көреді. Олар Ресейдің соғысына таза импершіл деген баға бермейді. Мәскеумен тығыз қарым-қатынасқа және елде Ресей мүддесіне нұқсан келтіретін мәселе жоқтығына сілтеп, солтүстік көршіден келетін ықтимал қауіп аз деп есептейді.

Зерттеуші осы күнге дейін Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты алып көршілермен бейбіт қарым-қатынас орнатуда тиімділік көрсеткеніне назар аударады. Сұхбатқа қатысқан респонденттер елдің көпвекторлы саясаты география мен тарих тұрғысынан ең үздік стратегия болғанына бірауыздан келіскен.

"ПЕКИН МЕН МӘСКЕУ ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖЕМ ӨЗЕНІНЕН БӨЛІП АЛАДЫ" ДЕГЕН ДОЛБАРДЫҢ ЖАНЫ БАР МА?

Сарапшы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада ресейлік саясаттанушылардың "Ресей мен Қытай Қазақстанды Жем өзенінен бөліп алады" деген тұжырымы расқа айналуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздейді.

Қазақстан экономикасының ахуалы Батыс және Қытайдың инвестициясына және олармен сауда-саттыққа тәуелді болса, ал саяси тұрақтылық Мәскеу қолдауына байланысты. Астана осы күнге дейін сыртқы саясатта белгілі бір ойыншыға басымдық бермей, баланс ұстап келген. Сарапшының пайымдауынша, аймаққа қатысты қалыптасып жатқан жаңа геосаяси ахуал бұл балансқа нұқсан келтіруі мүмкін. Ресей соғысқа байланысты саяси және экономикалық тұрғыдан әлсіреп жатқандықтан, Қазақстан режимінің тұрақтылығы мен билікте қалуын қамтамасыз ету Мәскеудің қолынан келмеуі мүмкін. Аймақта Ресей ықпалы әлсіреп, Қытайдікі, керісінше, арта береді. Алайда бұл болжам қаншалықты іске асатынын түсіну үшін Қытайдың аймақтағы белсенділігі жайлы сарапшылардың басқа тұжырымдары орындалған-орындалмағанына назар аударған жөн.

Автор бұл ретте зерттеуші Тадаси Накамаэнің 1998 жылы Economist басылымында шыққан "Жапонияның болашағы үшін үш жол" атты мақалада Қытай 2018 жылға дейін аймақты тұрақсыздандыратын әрекетке баруы мүмкін деп жазғанын келтіреді. Мұны зерттеуші Пекин азық-түлік және энергетика салаларындағы қиындықты еңсеру үшін Орталық Азияның ресурстарын басып алуы ықтимал деп түсіндірген. Алайда 2018 жылдан бері бес жыл өтсе де, бұл болжам расталмады.

Ал "Ресей мен Қытай Қазақстанды Жем өзенінен бөліп алады" деген ресейлік саясаттанушылар Олег Маслов пен Александр Прудниктің тұжырымына келсек, Тәжуітов бұл жайлы қандай да бір қорытынды жасау ерте, бірақ қалай болғанда да бұл алаңдатады деп есептейді. Маслов пен Прудниктің 2007 жылы шыққан "21-ғасыр басындағы Қазақстан 1939 жылғы Польшаға ұқсас" атты мақаласында былай делінеді: "Ресей мен Қытай арасында Қазақстанды бөлетін сызық қалай жүргізілетіні – басты мәселе. Қытай үшін Каспий теңізіне шығу маңызды, сондықтан Ресей мен Қытай арасындағы жаңа шекара Жем өзенінің бойымен солтүстік ендікпен 47 градуста өтеді деп болжауға болады...".

Бұл мақала шыққалы көп уақыт өтті, бірақ Ресейде Қазақстан болашағына осы авторлар ғана бұлай қарайды деу аңғалдық болар еді дейді автор. Бұл идея Ресейде кеңінен тамыр жайған. Мәселен, Алберт Акопян (Урумов) Eadaily сайтына шыққан мақалада Тоқаевтың "Қазақстанның аумақтық тұтастығын моноұлтты мемлекет құруды аяқтау арқылы қамтамасыз ете аламыз" деген мәлімдемесін тәпсірлейді. Акопян мұндай жағдайда "Ресей өз шекарасын оңтүстікке, Қазақстанға қарай Балқаш – Байқоңыр – Бекдаш (Түркіменстандағы Гарабогаз қаласының бұрынғы атауы – ред.) сызығына жылжыта алады немесе Жайық – Есіл – Ертіс сызығымен екі аймақ құру арқылы Қазақстанды федерализациялай алады" дейді.

Тәжуітовтің пайымдауынша, мұндай ахуал Украинаның басындағы оқиғаны еске түсіреді. Бір айырмасы – Кремль пропагандистері Киевті Батыспен тығыз қарым-қатынас орнатты деп айыптаса, Астананы Мәскеумен қарым-қатынасқа нұқсан келтіріп, Пекинге және Анкараға жақындап жатыр деп сынайды. "Бұл жердегі мәселе Ресей сарапшыларының Ресей мен Қытай Қазақстанды Жем өзенінен бөліп ала ма деген тұжырымы іске аса ма дегенге келіп тіреледі" деп қайырады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG