Accessibility links

Тоқаев Мәскеудегі парадқа неге барды? Соғыс бастаған елге сапардың салдары қандай? 


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Қызыл алаңындағы парадта. 9 мамыр, 2023 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Қызыл алаңындағы парадта. 9 мамыр, 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың екі апта бұрын жариялаған жоспарын бұзып, Мәскеуге әскери парадқа кетті. Осыған дейінгі хабарламада “Президент 9 мамырда Астанада болады” деп жазылған. Тоқаев Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін оқшауланып қалған Ресейге не үшін барды? Қазақстан қоғамы мен Батыс елдері бұл жаңалықты қалай қабылдады? Азаттық осы және өзге де сұрақтарға қатысты саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірін білді.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛЕДІ"

Азаттық: Тоқаев Мәскеудегі жеңіс парадына қатысады. Саяси тұрғыдан бұл нені білдіреді?

Димаш Әлжанов: Бұл Қазақстан өз алдына шешім қабылдайтын, дербес мемлекет емес екенін, бүкіл әлем Путиннен сырт айналып отырғанына, Ресейдің соғыс қылмысы мен Жеңіс күні туралы негатив коннотацияға қарамастан, президент Тоқаев Путинді қолдау үшін бар жоспарын өзгертіп, Мәскеуге бара жатқанын көрсетеді. Кремль сыртқы саясатта 9 мамырды Украинадағы соғыс пен зорлықты ақтау құралына айналдырып отыр. Осыны көрген қазақстандықтар өз елінің басшысы әскери парадқа қатысып, Ресейді қолдағанын қаламайды.

Азаттық: Жеңіс парадына Орталық Азиядан басқа автократтар да бара жатыр. Олардың қатарында Мирзияев та бар. Өзбекстан Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қосылмай, Ресейден іргесін аулақ салған мемлекет сияқты көрінуші еді.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов
Саясаттанушы Димаш Әлжанов

Димаш Әлжанов: Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз бола алмағанын, Кремльге қарсы тұруға қауқары жетпейтінін дәлелдейді. "Қазақстан – дербес мемлекет, сыртқы саясатта бәрімен тең қарым-қатынаста болуға тырысады" деген аңыз жалған болып шықты. Тоқаевтың Мәскеуге сапары Қазақстанның беделіне нұқсан келтіреді.

Орталық Азия елдерінің режимі көлеңкелі импортты қолдап, Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отырғанын білеміз. Еуроодақ пен АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттеріне жасаған ескертулерінен кейін кей президенттер Батыс елдерінің қосымша санкцияларға қатысты қысымын азайту үшін осылай тепе-теңдік сақтауға тырысып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе Еуроодақ пен АҚШ бұл мәселеге өте салмақты қарайды. Бірақ олардың Ресейдің өңірге ықпалын азайтуға қатысты нақты стратегиясы жоқ.

Азаттық: Бұл Орталық Азия басшыларының жұмылған жұдырықтай біріккенін көрсете ме?

Димаш Әлжанов: Өздері емес. Бұл Кремльдің идеясы деп ойлаймын. Өйткені Путиннің өңірдегі әр мемлекет басшысына бейресми ықпал ету әдістері бар. Тоқаевтың саясатынан осыны анық көруге болады. 2022 жылы қаңтарда Кремль Тоқаевқа билігін сақтап қалуға көмектескеннен кейін (елде жаппай тәртіпсіздік болып жатқанда Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскери көмек сұрады; бұл ұйымды іс жүзінде Ресей басқарады; көбі Қаңтар оқиғасы кезіндегі элитааралық күреске шетелден әскер шақыру арқылы нүкте қойылды деп есептейді – ред.) қанша жылдан бері елеусіз жатқан келісімдер, оның ішінде әскери әріптестік туралы шарт дереу ратификацияланды.

Азаттық: "Путин Орталық Азия елдерінің басшыларын Қызыл алаңға жарылғыш дрондардан қорғану үшін жинады" деген пікір туралы не айтасыз?

Димаш Әлжанов: Путинге жалғыз қалмағанын, жеңіс парадына Ресейдің өкілетті тұлғалары ғана емес, көрші мемлекеттердің президенттері де қатысатынын көрсеткен маңызды. Бұл Кремльдің өңір мемлекеттеріне ықпалын көрсетеді. Өкінішке қарай, Тоқаев өз әрекетімен Путинге көмектесіп отыр.

"ҚОҒАМДАҒЫ ЖІКШІЛДІККЕ ЖОЛ АШАДЫ"

Азаттық: Үкіметтің Тelegram-дағы арналары "Қазақстан экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді, Кремль мұны бізге ықпал ету тетігі ретінде пайдаланады, Тоқаевты Мәскеуге солай алдырып отыр" деп жазды.

Димаш Әлжанов: Қазақстан Ресейге тәуелді екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бұл тәуелділікті кім күшейтті? Кеден одағына, кейін Еуразия экономикалық одағына кіру туралы келісімге кім қол қойды? Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қосылуға, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлерді Ресейде оқытуға кім келісті? Қазақстанның саяси билігі Ресейге барынша жақындап, саяси және экономикалық тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігінен айырыла бастады. Қаңтар оқиғасынан, тіпті Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін де Тоқаев Мәскеумен интеграцияны күшейтуге ден қойды. Әлі күнге еш пайдасы жоқ Еуразия экономикалық одағына мүше болып отырмыз.

Азаттық: "Қазір Қазақстанға қиын, Ресеймен ортақ шекарасы ұзын, экономикалық байланысы да берік. Ресеймен дос болмаймыз, өз жолымызбен жүреміз деу мүмкін емес" деген пікір бар.

Димаш Әлжанов: Мәселенің түп-тамыры басқада: Қазақстан Ресейдің авторитар режимімен байланысын сақтап қалғысы келеді.

Ресеймен бірге Батыс елдерінің қысымына төтеп беру оңай.

Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы мен Беларусьте 2020 жылы болған наразылық режимді сақтап қалуға Ресейден басқа ешкім көмектеспейтінін көрсетті. Қос елдегі саяси элита ресурстарды бөлісіп, баю үшін билігін қалай пайдалану керегін жақсы біледі.

Кейінгі 30 жылда Қазақстан тәуелсіздік пен экономикалық дербестікке қол жеткізу үшін ештеңе істемеді. 90-жылдардан бастап қабылданған шешімдерге қазір ел басқарып отырған тұлғалардың да қатысы бар. Еуроодақ Каспийдің Әзербайжандағы жағалауы арқылы Грузия мен Түркияға мұнай мен басқа да өнімдер тасымалдайтын дәліз салуды ұсынып жатыр. Бірақ Тоқаевтың жобаны қолдайтын не Қазақстанның Ресейге тәуелділік мәселесін түсініп, оны шешуге талпынып жатқанын көрсететін салмақты саяси шешімдері байқалмайды.

Азаттық: Ақпанның аяғында Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келді. Тоқаев Кремльден кейін Қытайға барады. Сырт көзге Қазақстан президенті үш жақпен де байланысын сақтап қалғысы келетіндей көрінеді.

Димаш Әлжанов: Қазір Қытайда не талқыланып, қандай шешімдер қабылданатынын болжау қиын. Бірақ өңірдегі күштер тепе-теңдігінің өзгеруі және Ресейдің әлсіреуі Қытайдың ықпалын күшейтуі мүмкін. Әсіресе Қытай Қазақстан қауіпсіздігіне кепіл болуға уәде бергенін ұмытпайық.

Мені бұл жағдайда көп маңызды шешім қоғамдық және парламенттік талқылаусыз қабылданып жатқаны алаңдатады. Саяси не экономикалық салдарын түсінбестен, мойнымызға жаңа міндеттемелер алып жатырмыз. Қазақстанның саяси моделі мен үкіметтің жабықтығы осыдан көрінеді.

Азаттық: Батыс елдері Тоқаевтың Мәскеуге сапарын қалай қабылдайды?

Димаш Әлжанов: Батыс елдерінде нақты әрекет жоспары болуы керек. Мұнай мен табиғи ресурстар өндіру саласындағы әріптестік жеткіліксіз. Режим, басып-жаншылған оппозиция мен азаматтық қоғам ғана бар. Сондықтан ел ішінде ешкім саяси мәселе көтеріп, наразылық білдірмейді. Батыс елдерінің шахмат тақтасында Тоқаев, Мирзияев, Рахмон, Жапаров сияқты сол баяғы тұлғалар. Бұл – жеңіліспен аяқталатын ойын.

Азаттық: Ал Тоқаевтың Мәскеуге баруын Қазақстан қоғамы қалай бағалады?

Димаш Әлжанов: 30 жылда өз саяси жүйемізді құра алмадық. Оған азаматтарды еркін қатыстырып, бірыңғай саяси ұлтқа айналмадық. Бұл процестің өз символы болуы керек. Қазір Ресей тарихты, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін құралға айналдырып, Украина халқын қырып, қылмыс жасап жатқанда, жұрт Ресей ақпарат құралдары арқылы осы нарративті қолдай бастады. Тоқаевтың Мәскеуге сапары біздің қоғамдағы осы идея мен ортаға күш береді. Басқаша айтқанда, қоғамдағы жікшілдікке жол ашады. Репрессияшыл Совет Одағындағы өмірді аңсайтын азаматтарға "бұл жақсы, онда тұрған ештеңе жоқ" деген месседж жібереді. Ресей телеарналарында "Біз жалғыз емеспіз, Орталық Азия мен Қазақстан Мәскеуді жақтайды" деген ақпарат тарап жатқанына сенімдімін. Осының бәрі бірлікке қарсы жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG