Accessibility links

Санкт-Петербургте "әскери комиссариатты өртемек болды" деген күдікпен Өзбекстан азаматы ұсталды


"Ұйымдасқан топпен теракт жасауға оқталды" деген айыппен Өзбекстан азаматы Давронбек Юлдошевтің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол 9 қазанға дейін қамауда болады. Тергеу мәліметінше, Юлдошев әскери комиссариаттың жанынан бензин құйылған бөтелкемен ұсталған.

Тергеу мәліметі бойынша, 11 тамызға қараған түні Юлдошев Большая Санкт-Петербургтің Большая Монетная көшесіндегі әскери комиссариатты өртеуге талпынған. Азаттықтың Север.Реалии сайтының жазуынша, Өзбекстан азаматы ғимарат маңындағы әрекетін түсіндіре алмаған.

Ресейдің РАПСИ мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, Юлдошевті әскери комиссариатты өртеуге Telegram-дағы виртуалды танысы көндірген. Тергеу органдары оны Украина арнайы қызметінің адамы деп санайды.

"Медуза" сайтының мәліметінше, кейінгі апталарда Ресейде әскери комиссариатты өртеуге кемінде 30 талпыныс болған. Ақпаратқа қарағанда, күдіктілердің басым бөлігі 50 жастан асқан адамдар, олар тергеу кезінде өздерін бұл әрекетке телефонмен сөйлескен алаяқтар мәжбүр еткенін айтты. "Вёрстка" басылымының жазуынша, әскери комиссариатты көбіне әйелдер өртемек болған. 31 шілдеден бері Санкт-Петербург пен Ленинград облысында әскери комиссариатты өртеуге кемінде төрт әрекет жасалды.

"Медиазонаның" хабарлауынша, жеті адам "мүлікті қасақана жою" бабы бойынша айыпталып жатыр. Олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Екі адамды "бұзақылық жасады" деп айыптаған. Осы бап бойынша ең үлкен жаза — сегіз жыл колония. Тағы екі адам "теракт жасады" деп айыпталып жатыр. Қылмысы дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ресей Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация жариялаған соң елдегі әскери комисариаттар мен полиция ғимараттары және әкімшіліктер жиі өртене бастаған. Бастапқыда мұндай әрекеттер бұзақылық бабы бойынша қарастырылған. Кейіннен Ресей оны теракт ретінде бағалап, 15 жылға дейін жазалауға көшкен.

2023 жылдың мамыр айында Ресейдің Омбы қаласында "танысымен бірігіп, әскери комиссариатты өртеді" деп айыпталған Қазақстан азаматы 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Аңсаған Молдахметовке жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуді үкім еткен. Сот мәліметіне сүйенген ресейлік ТАСС агенттігінің жазуынша, айыпталушы былтыр мамырда "Telegram арқылы аноним қолданушыдан 6 млн теңгеге әскери комиссариатты өртеу туралы ұсыныс алған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG