Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Доңға кенішінде жұмыс істейтін ондаған мұнайшы өздерін аутсорсингпен жұмыс істейтін мердігер мекемеге ауыстырғысы келетін жұмыс берушінің жоспарымен келіспейтінін мәлімдеді.
ITR Services сервис компаниясына аустсорсингпен ауыстырылатын 16 адам бар. Дүйсенбіде жұмысшы Амандық Рысбай олардың жұмыс беруші шартын қабылдамағанын хабарлады.
Кеше Амандық Рысбай бастаған топ Total E&P Dungans компаниясы келісімшартпен жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды қысқартқалы отырғанын мәлімдеген. Мұнайшылар сөзіне қарағанда, олар еш себепсіз жұмыстан қысқартылатыны туралы хабар алған.
"Біз осында қалғымыз келеді, жаңа орында жұмыс болатынына ешқандай кепілдік жоқ" деді билікке видеоүндеу жолдаған жұмысшылар. "Құқығымыз бұзылды" деп санайтын жұмысшылар Қазақстан президентіне, премьер-министріне, Маңғыстау облысының әкіміне, облыс прокурорына үндеу жолдаған.
Амандық Рысбайдың Азаттыққа айтуына қарағанда, жаңа келісімшарт "көзделген жұмыс көлемі аяқталғанға" дейін жалғасады, әрі қарай ұзармайды. "Осында тұрған жұмысшылардың әрқайсының отбасында кемі бес адам бар" деді Амандық Рысбай.
Францияның TotalEnergies мұнай-газ компаниясының еншілес кәсіпорыны – Total E&P Dunga компаниясының әкімдікке жіберген ақпаратында жұмысшылардың қысқаратыны расталған. Компания онысын "жұмыс көлемін ықшамдау" деп түсіндірген және ол "бизнес жүргізудің әлемдік практикасы" екенін айтқан. Компания өз саласына тікелей байланысты емес қызметтерді аутсорсингке беретінін мәлімдеген.
Жергілікті агенттіктердің жазуынша, жұмыс беруші қысқаратын жұмысшылардың жалақыларына 5 пайыз үстеме қоса отырып, сервистік аутсорсинг компанияға жұмысқа орналастыруға уәде берген және келісімшарт тоқтатылуына байланысты сыйақы бермек болған. Компания "балама" ретінде екі жақты келісіммен төрт айлық жалақыны өтемақы ретінде төлеуді де ұсынған.
Доңға кеніші Ақтау қаласынан 50 шақырым жерде. 2022 жылдың соңында TotalEnergies еншілес Total E&P Dunga GmbH компаниясын 330 миллион долларға сататынын мәлімдеген. Биыл "ҚазМұнайГаз" инвестордың Доңға кенішіндегі үлесін сатып алуды жоспарлап отырғаны мәлім болған.
ПІКІРЛЕР