Accessibility links

Jusan тобы Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген шағымды қайтарып алды


Jusan bank-ке иелік еткен Ұлыбританиядағы Jusan Technologies пен АҚШ-тағы Jysan Holding компаниялары Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік органның үстінен Невада штатындағы федерациялық округ сотына түсірген шағымын қайтарып алды. Бұл туралы АҚШ-тағы барлық федерациялық округ соттарының құжаттарымен электронды танысуға мүмкіндік беретін PACER (Public Access to Court Electronic Records) сайтындағы құжаттан белгілі болды.

Holland&Hart заңгерлік компаниясы Jysan Holding және Jusan Technologies-тің талап арыздан өз еркімен бас тартатыны жайлы құжатты сотқа 7 тамызда жіберген. Онда «Жауапкерлер шағымға жауап бермеді, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен шешім шығару туралы өтініш түсірмеді. Шағым азаматтық іс жүргізудің федералдық ережелерінің 41 (а) (1) тармағына сәйкес қайтарылды» делінген.

АҚШ-тағы азаматтық іс жүргізудің федералды ережелеріне сәйкес, жауапкер тарап шағымға жауап қайтармаса немесе жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен шешім шығару туралы өтініш түсірмесе, талапкер өз шағымын кері қайтара алады.

14 тамыз күні Невада федерациялық округ сотының судьясы Дженнифер Дорси істі жабу туралы шешім шығарды.

Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities компаниясына иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік органның үстінен 16 ақпанда шағым түсірген. Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптаған.

Ақпанда бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.

Orda сайты 14 тамыз күні прокуратура Jusan тобының үстінен сотқа түсірген шағымды қайтарып алғанын, Бостандық ауданы сотының судьясы Айдар Өтебеков азаматтық іс өндірісін тоқтатқанын хабарлады.

Маусым айында әділет министрлігі Jusan тобын Қазақстанға қайтарғанын мәлімдеді. Алайда министрлік келісімшарттың құпиялығына сілтеп, Jusan тобы елге қандай жолмен, қандай келісім негізінде қайтарылғанын ашып айтпады.

10 тамыз күні Jusan bank акционерлердің кезектен тыс жиналысын өткізді. Қазақстан қор биржасының хабарламасына қарағанда, банк пен акционерлер Ғалымжан Есенов және Jusan Technologies арасында бітімгершілік келісімі мақұлданып, оған сәйкес Jusan Technologies активтері Қазақстан юрисдикциясына қайтарылғанын хабарлады. Сонымен қатар акционерлер жиналысында Есенов банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Forbes Kazakhstan басылымы 10 тамыздан бастап Есенов банктің 100 пайыз акциясына иелік етуші акционерге айналғанын жазды. Есеновке бұған дейін Jusan bank-тің 19,67 пайызы тиесілі болған.

Қазақстанның ақпарат құралдары Есеновтің "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімовтің экс-күйеубаласы екенін жазды.

Bloomberg ақпарат агенттігі шілде айында "мәселеден хабары бар" құпия дереккөздерге сүйене отырып, келісімге сәйкес, Есенов мәміледен түсетін бүкіл ақшаның есебінен Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыруы керектігін жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG