Энергетика министрлігі Қазақстан өңірлеріндегі жылу электр орталықтарының (ЖЭО) жылыту маусымына дайындығын бағалап, нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы (Риддер), Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облысында жағдай нашар деп бағалаған.
Мамандар төмендегі нысандардың жағдайы алаңдататынын айтты:
- "Риддер ЖЭО";
- "ГРЭС ТОПАР” (Қарағанды облысы);
- "МАЭК" ЖШС ЖЭС;
- "Кентау Сервис"МКК ЖЭО-5;
- "Kazahmys Energy" ЖШС Жезқазған ЖЭО.
"Энергетика министрлігінің мамандары әкімдіктермен бірге барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Министрлік басшылары жылу электр орталықтарының дайындық барысын жеке бақылауға алды" делінген хабарламада.
Ведомство төмендегі орталықтардың жылыту маусымына дайындығын орташа деп бағалады. Министрлік мәліметінше, бұл орталықтарда жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған:
- "Алматы электр станциялары" АҚ ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3;
- "Атырау ЖЭО" АҚ;
- "Согра ЖЭО" ЖШС;
- "Өскемен ЖЭО" ЖШС;
- "Таразэнергорталық"АҚ ЖЭО-4;
- "Шахтинстеплоэнерго" ЖШС ЖЭО;
- "Қарағанды-Энергоцентр" ЖШС Қарағанды ЖЭО-3;
- Kazahmys Energy ЖШС Балқаш ЖЭО;
- "Арселор Миттал Теміртау"АҚ ЖЭО-2;
- ГРЭС-1 Bassel Group LLS ЖШС (Теміртау қаласы);
- "ССКӨБ" АҚ Рудный ЖЭО;
- "Арқалық ОЭК" МКК ЖЭО;
- "Павлодарэнерго" АҚ ЖЭО-2;
- "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС ЖЭО.
2022 жылы министрлік Қазақстандағы 37 орталық жылу құбырының 19-ы апат жағдайында тұр деп хабарлаған. Энергетика министрлігінің есебінше, тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеуге 182 миллиард теңге кетеді.
Былтыр жылыту маусымының басында Риддер жылу электр орталығында апат болып, 22 мыңнан астам отбасы аязда жылусыз қалған. Биыл наурыз айында Риддерде ЖЭО-дағы "үлкен кемшілікке" байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қазір Риддер ЖЭС-інде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Үкіметтің ақпаратына қарағанда, Риддердегі жылу орталығы 71,5 пайыз тозған. Шілде айының соңында үкімет резервінен жылу жүйесін жөндеуге 8 млрд 400 млн теңге бөлінгені хабарланды.
Одан бөлек ШҚО әкімдігі жөнделіп бітпеген Риддер ЖЭС-і жайлы 14,8 млн теңгеге фильм түсірген.
1989 жылдан бері Қазақстанда жаңа ЖЭС салынбаған. Астана билігінің ЖЭС-3 саламыз деп келе жатқанына он жылдан асты. Осы уақыт ішінде Астана "Болашақ энергиясы" көрмесін өткізіп үлгерді. Ranking.kz экономика көрсеткіштерін бақылау жобасының есебінше, EXPO-ға дайындыққа Қазақстанның отын-энергетика кешенін дамытуға бөлінген қаржыдан көп ақша жұмсалған.
ПІКІРЛЕР