Accessibility links

Шекара қызметі Қазақстанға келуіне тыйым салынған дума депутатын елге кіргізу себебін түсіндірмеді


Қазақстан-Ресей шекарасындағы бекет.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы бекет.

Мамыр айында "Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін" деп мәлімдеген Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Ресей СІМ араласқаннан кейін Қазақстанға кірген.

16 тамызда өткен брифингте Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК шекара қызметінің өкілдеріне "Ресей үкіметі Қазақстан шекарашыларының елге кіргізу не кіргізбеу туралы шешіміне ықпал ете ала ма?" деген сұрақ қойды.

ҰҚК шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов бұл сұрақ бойынша сыртқы істер министрлігіне жүгінуге кеңес берді.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "бұл мәселе мен жұмыс істейтін ведомствоның құзырына жатпайды" деп мәлімдеген. Ол Ресей сыртқы істер министрлігі араласқаны туралы ақпаратқа да түсініктеме бермеді.

Константин Затулин – Ресей үкіметінің "шетелдегі отандастар ісі бойынша" комиссиясының мүшесі. Ол 2022 жылы жазда Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұғатындай сөз айтқан. Ресей мемлекеттік думасы төрағасы орынбасарының бұлай сөйлеуіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургте өткен форумда Қазақстан Украинаның шығысында құрылған сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" құрылымдарын мойындамайтыны туралы сөзі ілік болған. Қыркүйекте Затулин Қазақстан "тайғанақ жолға түсті, Ресей үнсіз қалмайды" деп мәлімдеген.

Ақпаратқа қарағанда, Затулин Ресейдің адам құқығы жөніндегі уәкіліне үндеу жасап, "Қазақстанда сотталған ресейшіл блогер Ермек Тайшыбековтің ісіне араласуын" сұраған. Тайшыбеков 2021 жылы "ұлтаралық арауыздық туғызғаны үшін" жеті жылға түрмеге жабылған.

2022 жылы қазан айында Затулиннің Арменияға кіруіне тыйым салынғаны хабарланды.

2022 жылы маусымда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстанға кіруге тыйым салынған адамдар" тізімі бар екенін растап, оған Ресейдің пропагандисі Тигран Кеосаян да қосылғанын айтқан. Кеосаян YouTube-арнасында Жеңіс күні парад өткізуден бас тартқан Қазақстанға қарата зілденіп сөйлеген. "Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін" деп доқ көрсетіп, Ресейдің жауапты тұлғаларын "өзара қарым-қатынасты қайта қарауға" үндеген.

16 тамыз күнгі брифинг кезінде Азаттық шекара қызметі өкілдерінен "Қазақстанға кіруге тыйым салынған адамдар" тізімі қалай жасақталатыны жөнінде сұраған. "Ол тек шетел азаматтарына ғана қатысы бар ма" деген де сұрақ қойды.

Ғани Ағаділовтің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде (кірген кезде де, шыққан кезде де) шекарашылар азаматтарды барлық мемлекеттік органдармен кіріккен шекара қызметінің ақпараттық жүйесінен тексереді. Тізімде бар адам елге кіргізілмейді, оны еліне қайтарады.

XS
SM
MD
LG