Accessibility links

Тұрғындар наразылығынан соң Атырау облысындағы карьер уақытша жабылды


Атырау маңындағы Тасқала ауылының тұрғындары топырақ карьерін жабуды талап етіп тұр. Атырау, 15 тамыз, 2023
Атырау маңындағы Тасқала ауылының тұрғындары топырақ карьерін жабуды талап етіп тұр. Атырау, 15 тамыз, 2023

15 тамызда Атырау маңындағы Тасқала ауылының тұрғындары жақын жердегі топырақ қазатын карьерді жабуды талап етіп, наразылық білдірді. 50-дей тұрғын қатысқан жиынға карьердың иесімен қоса, облыстық табиғи ресурстар басқармасының өкілі қатысты. Соңында карьер үш айға жабылатыны хабарланды.  

– Бұл карьер басымызға бәле болды. Атырауда жел тұрмайтын күн болмайды. Жел соқса, топырақ тиеген «КамАЗ» автокөліктерінен ауыл ішіне шаң ұшады. Сол шаңды ауыл тұрғындары жұтып отыр. Ауыл іші топырақ болды. Карьердің жан-жағында мал жайылатын жер бар еді, ол қазір жоқ. Айналасындағы 25 шақырымға дейін шөбі құрып кетті. Ол жерге енді мал жайыла алмайды. Карьер ауылдың дәл іргесінде. Оның кей жері 3-4 метр терең. Айналасына «жер қазылды» деген белгі де қойылмаған, – деді жиынға келген ауыл тұрғыны Оралбай Дәрібаев.

Тағы бір тұрғын Ербол Биманов та карьердің зияны көп екенін айтты.

– Біз ауылда карьердің болуына қарсымыз! Оны халық тұратын жерден қашыққа ауыстыруын талап етеміз! Біз қара бастың емес, халықтың қамын ашына айтып отымыз. Бұл жерге былтыр ауыл тұрғындарының малы құлап өлген. Онда адам құлап қалса да шығуы қиын. Карьер қазылғалы мал жайылымы тарылып, ауыл шаң-топырақ болады да жатады. Тасқаладан Атырауға тонналап топырақ тасыған «КамАЗ» автокөліктері ауыл ішіндегі каналдан өтетін жалғыз көпірді тоздырып бітті. Көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған жолы тесіліп қалды. Айналамыз онсыз да толған карьер. Совет жылдарында қазылып, көмілмей кеткен, – деді ол.

Мердігер мекеме – “Элитстрой” ЖШС 2019 жылы Тасқала ауылы іргесіндегі карьерде 100 гектар жерге қазу жұмыстарын жүргізуге лицензия алған. Карьер облыстық мәслихат депутаты, 42 жастағы кәсіпкер Қадырбек Мағзомовқа тиесілі.

Тұрғындар алдына келген Мағзомов мекеме банкрот болуға шақ тұрғанын, жерді рекультивация жасау үшін техника жалдайтын ақша жоқ екенін айтты. Ол ауылда салынып жатқан мектеп құрылысы біткен соң карьерді жабуға деп уәде берді. Тұрғындар карьер қазу тоқтамаса, басына барып қонатындарын айтып ашынды.

Осы кезде жиынға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының заңгері келді. Ол халық бас көтерген күн – 15 тамыздан бастап “Элитстрой” ЖШС мекемесінің карьер қазу лицензиясы үш айға тоқтатылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мекеме құжаттарында кемшіліктер бар. Бірақ ауыл тұрғындары мәселеге нүкте қойылатынына күмәнмен қарайды. Олар талаптары орындалмайынша наразылық тоқтамайтынын айтып тарқады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG