Accessibility links

Тоқаевты "20 мың террорист" деген сөзі үшін сотқа бермек болған белсендінің үкімі өзгермеген


Тимур Дәнебаев. Скриншот.
Тимур Дәнебаев. Скриншот.

Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған Астана тұрғыны Тимур Дәнебаевқа маусым айында шыққан үкім өзгермеді. Астана соты 15 маусымда "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-бап, 1-бөлік) деп айыпталған белсендіні үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгертпеді.

"Қорғау тарабының пікірінше, қылмыстық-процессуалдық заңнама өрескел бұзылды, іс біржақты қаралды. Біз тіпті судьяны ауыстыруды талап еттік. Сараптама кезінде де заңсыздықтар болды. Мұндай нәрселер сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары кезінде, сот кезінде де болды. Бірақ бұған облыстық сот назар аударған жоқ" деді адвокаты Ләззат Теміржанова 16 тамызда кешке Азаттыққа.

ІІМ қарасты қылмыстық атқару-жүйесі комитеті Азаттыққа Тимур Дәнебаевтың қазір Астана қаласының тергеу изоляторында отырғанын айтты. "Үкім күшіне енгеннен кейін ол колонияға жіберіледі" деп жауап берді комитеттің баспасөз хатшысы Азаттық жіберген сауалға.

Тимур Дәнебаев – Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған Астана тұрғыны. Украинадағы соғысқа қарсы пікір айтқан ол былтыр желтоқсанда "ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен қамалған еді. Биыл маусымда 3 жыл түрмеге кесіліп, қауіпсіздігі орташа түрмеге жіберілді. Шілде айында құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.

Сот құжаттарына қарағанда, Тимур Дәнебаев 2022 жылы қазанда "ақпараттық-коммуникация желілерін пайдалана отырып, ұлттық алауыздық тудыратын, ұлтты қорлайтын және азаматтардың намысына тиетін сөздер айтқан". Апелляциялық сот шешімінде Дәнебаевтың кінәсі толық дәлелденгені, сот алқасы бірінші инстанцияда шыққан үкімнің күшін жоюға негіз таппағаны жазылған.

Ал Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыптардан үзілді-кесілді бас тартып, апелляциялық шағымында өзін қудалауды доғарып, ақтауды сұраған. Ол тінту кезінде полицияның заңсыз әрекет еткенін, күш қолданып, қоқан-лоқы жасағанын айтқан. Жүргізілген сараптама методологиясының дұрыстығына күмән келтірген. Іске қатысы жоқ, өз саласының маманы емес сарапшыны тартуға қарсы болған. Ол куәгердің жалған куәлік бергенін айтып, іс қолдан ұйымдастырылған деп атаған.

Адвокат Ләззат Теміржанова сотталушы үкімді касацияға бере ме, жоқ па, ол жағын білмейтінін айтты.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 174, 258 және 405 баптарын "саяси" баптар деп атайды. Олардың айтуынша, бұл баптар билікке бейбіт жиналу, ашық пікір айту, бірігу құқығы сияқты Конституциямен бекітілген құқықтарды жүзеге асырғысы келген оппозициялық саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің наурыз айында жарияланған адам құқығы жөніндегі есебінде Қазақстанда билікті сынағандар мен олардың туысқандарына қысым көрсетілетіні, билік сөз бостандығы мен журналистердің жұмысына кедергі келтіретіні, елде бейбіт жиналу, пікір айту құқығы шектелетіні айтылған.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG