Accessibility links

"Бахмуттан Тәжікстанға мәйіт жіберетінмін". "Вагнер" тобына күштеп қосылған тәжіктің хикаясы


Тәжік мигранты Кәрім Украинаның Ресей оккупациялаған Запорожье облысында танк алдында суретке түсіп тұр. 2022 жылғы қараша.
Тәжік мигранты Кәрім Украинаның Ресей оккупациялаған Запорожье облысында танк алдында суретке түсіп тұр. 2022 жылғы қараша.

Тәжік азаматы былтыр Орталық Азиядан шыққан 200 мигрантпен бірге Ресей оккупациясындағы Шығыс Украинаға жұмысқа барып, "Вагнер" тобының қатарында соғысуға мәжбүр болғанын айтады. Мигранттардың көбі Бахмут түбіндегі қан майданда қаза тапқан. Бұл ақпаратты қаза тапқан мигранттардың денесін туыстарына жіберумен айналысқан жұмысшы растады.

Жас тәжік мигрант өткен жылдың соңында Орталық Азиядан шыққан жүздеген жұмысшы Украинада "Вагнер" тобының қатарында соғысуға мәжбүр болғанын айтады.

14 тамызда Кәрім (қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді) Азаттыққа Украинадан қашып шыққанын, қазір шетелде тұрып жатқанын хабарлады.

22 жастағы жігіт былтыр қарашада Украинаның шығысына жұмыс істеуге барған. Ресейлік компания оны Украинаның 2014 жылдан бері Ресейдің бақылауында болған Луганск облысында окоп қазуға шақырған.

Кәрім бұрын Санкт-Петербургтегі аяқ киім сататын дүкенде істеген. Бірақ Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін Батыс елдері Ресейге қарсы жаппай санкция салғанда дүкен жабылып қалған. Нәпақасыз қалған соң, Кәрім кез келген жұмысқа баруға дайын болған.

– Интернеттен Луганскіде окоп қазуға адам іздеп жатқанын көрдім. Күніне 60 доллар төлейді екен. Хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласқанымда, Мәскеуге шақырды, – дейді Кәрім.

Жалақысы жақсы жұмысқа ресми рұқсат қағаз да сұрамаған. Ресейде заңды жұмыс істеуге жарайтын құжатының мерзімі өтіп кеткен, оны жаңартуға ақшасы жоқ Кәрімге бұл ұсыныс тіпті тартымды көрінген.

– Мәскеудегі кісілер жұмыс Луганскінің қауіпсіз аудандарында болады деді. Келістім, өйткені басқа амалым болмады, – дейді ол.

Кәріммен бірге Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан 200 жұмысшы болған. Олар Ресей оккупациясындағы Луганск облысына 3 қарашада барған.

Тәжік мигранты окоп қазу кезінде. 2022 жылғы қараша.
Тәжік мигранты окоп қазу кезінде. 2022 жылғы қараша.

Жұмысшылар Луганск орталығынан 50 шақырым жердегі Калиновка ауылындағы балабақшада тұрған. Күндіз оларды Запорожье облысындағы жұмысқа апарып жүрген.

Азаттық Кәрімнің айтқанын рас-өтірік екенін дербес тексере алмады.

Кәрім басқа бірнеше жұмысшымен бірге толық қазылып бітпеген окоптың ішінде түскен суретін көрсетті. Көп суреттің бірінде Кәрім Z деген таңбасы бар танкінің алдында тұр. Өзінің айтуынша, бұл суреттер қарашада Запорожьеде жұмыс істеп жүргенде түсірілген.

– Окоп қазуға экскаватор пайдаланатын. Біздің жұмысымыз – окоптың түбіне тақтай қағып шығу, – дейді Кәрім.

20 қарашада окоп қазу жұмыстары аяқталған. Ертеңіне Орталық Азиялық жұмысшылармен сөйлесуге бірнеше адам келген. Кәрімнің сөзінше, олардың қатарында Ресей қорғаныс министрлігінің өкілдері, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров басқаратын әскерилер мен "Вагнер" жауынгерлері болған.

– "Вагнерліктер" Украинадағы соғысқа көмектессеңдер, өздеріңе және отбасыларыңа Ресей азаматтығын береміз" деді. Бірақ ешкім соғысқа барғысы келмеді. Кейін бізге қару кезеніп, күшпен автобусқа отырғызды. "Қайда бара жатырмыз?" деп сұрадық. "Кеттік, болды" деді.

Тәжік мигранты Кәрім окоп қазу кезінде. 2022 жылғы қараша
Тәжік мигранты Кәрім окоп қазу кезінде. 2022 жылғы қараша

Ресей президенті Владимир Путиннің ескі досы, миллиардер Евгений Пригожин құрған "Вагнер" әскери тобының Украинадағы соғыста көп қылмыс жасағаны айтылады. Оның ішінде 2022 жылы наурыздағы Буча қырғынын (бейбіт халықты жаппай қыру) "Вагнермен" байланыстырады.

Кәрімнің айтуынша, жауынгерлер оларды Украинаның шығысындағы Бахмут қаласына апарған. Бірнеше айға созылған шайқастан кейін "Вагнер" тобы қаланы басып алды.

Алғашқы үш күнде жұмысшыларға қару ұстап, атуды үйреткен. Төртінші күні қолдарына қару беріп, "Вагнердің" мыңдаған жауынгерімен бірге соғысқа салып жіберген.

Кәрім кейінгі бірнеше айда "Вагнер" тобында Орталық Азиядан келген жауынгерлерге білгенін үйретіп, аудармашы болып істегенін айтады.

– Оларға миналар туралы, майданнан қашқан адамдарды қалай ажыратып, ұстап не өлтіру керегін түсіндіретінмін, – дейді Кәрім.

ӘДІЛ СОТ

Кәрімнің дерегінше, "Вагнер" жауынгерлері мен Орталық Азиядан келген жұмысшылардың көбі Бахмут түбінде қаза тапқан.

– Бахмуттан Тәжікстанға 5-6 рет мәйіт жібердім, – дейді ол.

Бахмутта Орталық Азияның нақты қанша азаматы қаза тапқаны белгісіз. 2023 жылы мамырда қала құлағаннан кейін Пригожин Бахмутта 20 мың жауынгерінен айырылғанын мойындаған.

"Вагнер" тобының жетекшісі Евгений Пригожин.
"Вагнер" тобының жетекшісі Евгений Пригожин.

Ақпанда Кәрім Украинадан қашқан. Ол жақсы араласатын командирінен соғысқа аттанардан бұрын бірнеше күн демалыс беруді сұраған. Жалақысынан қалған 1000 доллармен басқа мемлекетке өтіп кеткен. Қазір сол жақта жасырынып жатыр.

Душанбеде туған Кәрім Ресейге 2019 жылы жұмыс іздеп кеткен. Ол қазір туған жеріне оралуға қорқады. Өзінің айтуынша, Тәжікстан билігі Кәрімнің "Вагнер" тобында болғанын біледі. Өйткені Тәжікстанға қаза тапқан азаматтардың мәйітін жібергенде жақындарына хабарласып, өзін таныстырған.

Тәжікстан билігі азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын бірнеше рет ескерткен.

Жақында Қырғызстанда Украинадағы соғысқа қатысты делінген екі азамат ұсталып, бірі түрмеге жабылды.

– Тәжікстанда әділ сот болады деген кепілдік берілсе, үйге қайтар едім. Украинаға қалай барғанымды, "Вагнер" тобына мәжбүрлікпен қосылғанымды айтып бергім келеді, – дейді Кәрім.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG