Accessibility links

Баланы зорлық-зомбылықтан қалай қорғаймыз?


Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасында бала кезде сексуалды зорлық зомбылық көргендердің психологиялық мәселелерін, бала кезде зорлық-зомбылыққа тап болғандарға көмектесу жолдарын, балаларды сексуалды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін талқыладық. Бұл эпизодта психолог маман Әсем Байбасаровамен "зорлық-зомбылық көргендерге қалай көмектесеміз?", "зорлық-зомбылық көргендердің өмірге деген сенімін қалай қайтарамыз?", "зорлық көрген ер адамдарға қандай көмек көрсетеміз?" деген сауалдарға жауап іздедік. Бұдан бөлек "баланы педофилден сақтау үшін ата-аналар не істеу керек?" деген мәселені де қозғадық.

Подкаста психолог Әсем Байбасарованың баланы зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ата-аналарға берген кеңесін мәтін түрінде де ұсынуды жөн көрдік. Маман "бұл кеңесті әрбір ата-ана қаперде ұстаса" дейді.

Азаттық: Қазір ата-аналар балаларын қалай зорлық-зомбылықтан сақтағаны жөн?

Әсем Байбасарова: Ең алдымен, ата-ана балаға жеке шекараны түсіндіру керек. Тіпті баланы кішкентай кезінде еркінен тыс тамақтандырмаған жөн, бұл – баланың жеке шекарасына кіру. Өзінің жеке шекарасына кіргізіп үйреніп алған бала кейін шекарасын қорғай алмайды. Бала үлкендер келіп, "кеттік кәмпит, тәтті беремін" десе, денесін сипаса қарсылық көрсетпейді.

Әсем Байбасарова, практик психолог
Әсем Байбасарова, практик психолог

Одан кейін баланы ұрмау керек, ұру да баланың жеке шекарасын бұзу. Баланың алдында шешінбеңіздер. Балаға көшеде бейтаныс адаммен таныспауды, жалғыз өзі жүрмеуді, подъез бен лифтіге жалғыз өзі кірмеуді, үлкендермен сөйлескенде ара-қашықтықты сақтауды, ересек адамға сеніп артынан еріп кетпеуді үйреткеніміз жөн. Балаға "жоқ" деп айтуды, бас тартуды үйретуіміз керек. Ата-аналар балаларымызға "үлкен кісі кәмпит ұсынса, жүр кеттік десе, бас тартасың, бірден кетіп қаласың және оқиға жайлы бізге айтасың" деуіміз керек.

Бала денесін анасы ғана сипай алатынын білуі керек. Анасымен сырласа алатын жағдайда болғаны жөн. Анасы баласына "саған біреу жаман сөз айтса, денеңді сипаса, ұнамайтын әрекет жасаса маған қорықпай айт, мен сенің анаңмын, сені қорғаймын" деп айтқаны маңызды. Ал сіз баланы ұрсаңыз, сынасаңыз бала сізге сенбейді де, өзінің құпиясымен бөліспейді. Сондықтан бала мен ата-ана арасында сенім орнағаны дұрыс.

Одан соң балаға педофил дегенді жайлап түсіндіріңіз. Бала педофил деген қорқынышты, қара маска киген адам деп ойлауы мүмкін. Балаға "педофил кез келген адам болуы мүмкін, абай бол" деп жайлап жеткізіңіз. Балаға қорқыныш ұялатып, өмірге деген сенімінен айырып алмауды да ойластырыңыз.

Баланы әлеуметтік желіден де сақтаңыз. Желі арқылы ересек адамдар танысып, баланы жыныстық қатынасқа көндіріп, интимді суреттерін сұрауы мүмкін. Бұл – балаға виртуалды зорлық-зомбылықү Сондықтан балаға интернетті де дұрыс пайдалануды үйретейік.

Азаттық: Барлық жағдайды қарастырып көрейікші, мысалы, бала зорлық көрді дейік, ата-анасы бұл жағдайды білді, ата-ананың алғашқы әрекеттері қандай болуы тиіс?

Әсем Байбасарова: Оқиға болып қойса, ең бірінші кезекте баланың мазасын алмау керек. Полицияға хабарлап, олар келгенше баланың жанында болыңыз. Балаға "мен сені түсініп тұрмын, мен сені жақсы көремін, сенің қасыңдамыз" деп қолдау көрсетіңіз. Баланың қасында болып, қолдау көрсеткен маңызды. Баланың не айтқысы келіп тұрғанын тыңдаңыз. "Не болды, қалай болды?" деп тергеудің қажеті жоқ. Алғашқы сәтте көп сұрақ қойып, тергесек жан-жарасын, стрессін ұлғайтып жібереміз. Сондықтан алғашқы сәттерде сұрақ-жауапты қоя тұрамыз. Өзі айта бастаса, түзетпеңіз, тыңдаңыз әрі балаңызға сеніңіз.

Өзіміздің қорқынышыңызды, ашуыңызды көрсетпеңіз. Бұл баланың қорқынышын арттырып жібереді. Өз-өзіңізді жинау маңызды. Мұндай сәтте балаға қорған болатын ата-анасы ғана. Болған жағдайды өзгерте алмайсыз, сондықтан бұл жағдайды жақсартуға, травманы тереңдетпеуге күш салыңыз. Болған жағдайды туыстарыңызға, көршілеріңізге айтудың қажеті жоқ. Психолог маманға жүгіну керек. Мұндай жағдай бүкіл отбасыға қиын тиеді, сондықтан отбасының әр мүшесі психологқа барғаны абзал. Бастысы, отбасы мүшелері үйде үлкен трагедия орнатпай, қиын жағдайдан жеңіл шығуды ойластырса деймін. Бұл сәтте бүкіл отбасы бір-біріне көмектескені жөн.

Азаттық: Балалар көп жағдайда зорлық-зомбылық көргенін ересек жақындарына айта алмай қалады, балаларының қиындыққа тап болғанын ата-аналар қалай аңғарса болады?

Әсем Байбасарова: Баланың дамуында регрессия болады. Бұрын жап-жақсы ойнап жүрген бала ойнамай қалады. Бала өзінің денесіне ешкімді жақындатқысы келмеуі мүмкін. Бала қуыршақтармен сексуалды ойнауы да мүмкін. Себебі бала өзінің көргенін түсінбей қайталайды. Бала жыныстық қатынас туралы көп білуі мүмкін. Бала себепсіз жылап, апатия, депрессияға ұшыраған жағдай да болады. Бала түнде шошып оянса, үйде жалғыз қалдырмаңдар деп жыласа, бір адамның атын атап содан қорқамын десе, бұған да назар аударыңыз. Баланы қорқыныш билесе, не үшін қорқатынын және ішкі сезімдерін сұрағанымыз дұрыс.

"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз, шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG