Accessibility links

Есеп: Қазақстанда авторитар режим күшейіп келеді


Қаңтар оқиғасында Алматы алаңында тұрған полиция. 2022 жылдың қаңтары
Қаңтар оқиғасында Алматы алаңында тұрған полиция. 2022 жылдың қаңтары

Қазақстанда авторитар режим күшейіп, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі елде саяси репрессия мен саяси тұтқындар көбейді. Бұл туралы #АктивистыНеЭкстремисты бақылау тобының құқық қорғаушылар коалициясы "Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанындағы" репрессия мен саяси тұтқындар" деген есебінде айтылады.

Құқық қорғаушылар есепте қазірге дейін (18 тамыз) Қазақстанда 47 саяси тұтқын барын, оның ішінде 30 адам түрмеде, 17 адам тергеу изоляторында отырғанын жазады.

"Қазақстанда саяси астары бар сот істері әлі жалғасып жатыр, сондықтан саяси тұтқындар саны артуы мүмкін" дейді есеп авторлары.

Есепте адам құқықтарының бұзылғанын айтып жүрген құқық қорғаушылар, оппозиция өкілдері, блогерлердің қудалау жалғасып жатқаны, биліктің елде оппозициялық күштердің әрекет етуіне мүмкіндік бермей отырғаны да айтылады.

"Билік оппозициялық ҚДТ және "Көше партиясын" заңсыз түрде "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған соң тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының өкілдеріне де қысым жасауды бастады" делінген есепте.

16 тамызда билік "Алға, Қазақстан!" ұйымын "құжаттары талапқа сай келмейді" деп, оны партия ретінде тіркеуден бас тартты. Бастамашыл топ 2023 жылдың мамырынан бері партия ретінде тіркелу үшін 18-рет құжат тапсырған.

Есепте Қазақстан билігі ЕО елдерінен "өздеріне жағатын және Тоқаевтың реформасын жақсы бағалайтын сарапшылар мен саясаткерлерді" шақыратыны да айтылады.

Есептің басым бөлігі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына арналған. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізу ұсынысынан бас тартқанын да атап өткен.

Коалиция БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа одағын, АҚШ пен Канаданы Қазақстандағы репрессия мен адам құқығына қарсы қуғындарды" тоқтату үшін "шара қабылдауға" шақырады.

Бұл топ негізінен мынандай әрекеттерді ұсынады:

  • Қаңтар оқиғасында адамдарды атуға, бейбіт митингіге шыққандарды қуып таратуға жауапты билік өкілдеріне санкция салу, Қаңтар оқиғасына халықаралық деңгейде тәуелсіз тергеу жүргізуді талап ету, БҰҰ мен ЕҚЫҰ деңгейінде Ресей мен ҰҚШҰ-ның Қаңтар оқиғасында бейбіт адамдарға қарсы әрекет жасаған-жасамағанын тексеруді талап қылу.
  • Қаңтарда қаза болғандардың аты-жөні, жасы, қалай қаза болғаны жайлы деректерді, азаптау бойынша қанша шағым түскені және ол шағымдардың тергеу нәтижесін жариялауды талап ету.
  • Саяси тұтқындарды тез арада босатуды, бейбіт митингіге шыққандарды, белсенділерді, журналистерді, құқық қорғаушыларды қудалауды тоқтатуды, Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуді талап ету.

"Ашық диалог" ұйымы бастаған құқық қорғаушылар ұйымдары (Qaharman, "405", Bostandyq Kz, Veritas, Femina Virtute, Article 14 және Elimay) бұл есептерін Еуропарламент депутаттарының 21 тамыздағы Қазақстанға сапары алдында жариялады.

Қазақстанға келетін еуродепутаттар делегациясының басшысы Дэвид Макаллистер сапар алдында Орталық Азия Еуропа үшін маңызды және Брюссельдің осы аймақтағы серіктестері ЕО-ның қолдауына сенсе болады деп мәлімдеген.

Астана коалицияның есебіне қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG