22 тамызда үкіметте өткен жиыннан кейін журналистер сұрағына жауап берген энергетика министрінің орынбасары Жандос Нұрмағанбетов Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы (МАЭК) №2 ЖЭС энергоблокта жөндеу жұмысы жүріп жатыр деп хабарлады. Бұған дейін №1 мен №3 энергоблогы қайта іске қосылғаны айтылған.
Вице-министрдің айтуынша, №2 ЖЭС энергоблогында генератор бұзылған. Қазір ол Алматыдағы зауытқа жөндеуге жіберілген.
Бұған дейін жергілікті БАҚ-та "МАЭК-ті "ҚазМұнайГазға" беру туралы" ақпарат шыққан. Министр атом энергетика комбинаты үкімет меншігінде дейді.
"Біз оны [МАЭК-ті] облыс меншігіне беріп отырмыз. Өйткені облыс әкімдігі жөндеу жұмыстары бойынша бағдарлама қабылдап, қаражат бөліп отыр. Республикалық резервтен де ақша бөлінді. Көп жыл бойы қаражат жоғары деңгейде берілмеген соң осындай жағдайға жетіп отыр. Екі-үш жыл төңірегінде толығымен жөндеу жұмысын жүргізетін болсақ, МАЭК-тің жағдайын жақсартамыз деген сенімдеміз" деді Жандос Нұрмағанбетов.
Оның сөзінше, МАЭК биылғы жылыту маусымына дайын болады. Нұрмағанбетов облыс әкімдігі мен министрлік жағдайды ерекше назарда ұстап отыр дейді.
Вице-министр Азаттық тілшісінің "жылыту маусымында ақау болмай ма?" деген сұрағына "сенгім келіп отыр, тырысамыз" деді.
Шілде басында әуелі МАЭК, содан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында апат болған. Соның салдарынан елді мекендерде жаппай жарық сөніп, Маңғыстау облысы мен Атырау қаласында мыңдаған адамға су беру тоқтаған, бұған қоса мұнай кәсіпорындары да жұмыстарын доғарған. Кейін МАЭК жабдықтарының 80 пайыздан астамы әбден ескіргені айтылды.
Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, жоғарыда айтылған апат энергия кәсіпорнын тиісті дәрежеде қаржыландырмаудың салдарынан туындаған. Жабдықтардың тозуы, кешенді жөндеудің жоқтығы, жұмысшылар жалақысының аздығы № 1 блогының тоқтауы қазіргі апатқа айналған деген еді министрлік өкілдері. Үкімет МАЭК-ті жөндеуге резервтен 4,9 миллиард теңге бөлу туралы қаулы қабылдады.
МАЭК энергоблоктары істен шыққан соң Маңғыстау облысының елдімекендерінде күн сайын елді мекендерде электр энергиясы бес сағатқа өшкен.
ПІКІРЛЕР