Accessibility links

"Грузияда грузинше сөйлесе алмай қалдық". Ресейліктер Батумиде жаппай кәсіп ашып, тіл дауына тап болды


Ресми Тбилиси жақында Батумидегі қызмет көрсету орталықтары Грузияның тіл туралы заңы қаншалық ұстанатынын тексереміз деді.
Ресми Тбилиси жақында Батумидегі қызмет көрсету орталықтары Грузияның тіл туралы заңы қаншалық ұстанатынын тексереміз деді.

Грузияның Батуми қаласында жергілікті халық орыс тілі басымдыққа ие болып бара жатыр деп алаңдайды. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы ресейліктердің көбі Грузияға қоныс аударып, кәсібін де сонда көшірген. Кейінгі кездері тіл туралы талқылау көбейген соң, Грузия билігі мемлекеттік тіл туралы заңның бұзылмауын қолға ала бастады.

"Грузияда грузинше сөйлесе алмаймыз" дейді жеткізу қызметінің жүргізушісі бұлқан-талқан болып. Ол Батумидегі Oriental Bakery деп аталатын мекемеге су әкелген. Ұлты белорус бариста бар білетін грузиншесін құрап, ойын жеткізе алмай қиналды. Жүргізуші кілт бұрылып, кетіп қалды. Артынан жүгірген Азаттық тілшісіне ол "Бізге мұнда орыс тілі керек емес" деп жауап берді.

Теңіз жағалауындағы басқа қалалар сияқты Батуми де әлдеқашан космополит шаһарға айналған. Қазір қалада үнді мейрамханасы, түрік шаштаразы, тай массаж салоны мен жергілікті грузин кәсібі қаз-қатар тізіліп тұр.

Кейінгі бір жарым жылда ресейліктер Батумиден ондаған дәмхана, бар және басқа да кәсіп түрлерін ашқан. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар тұратын мың сан бояулы қалада орыстардың қолтаңбасы бірден көзге түсе қоймайды: мекемелердің атауы ағылшын тілінде жазылған, ұлттық ерекшелікті көрсететін белгілерден соғыстан зардап шеккен халықты қолдау үшін ілінген украин туы ғана кездеседі. Ресейліктердің кәсібі көбіне әдемі интерьер, крафт сырасы және кофенің экзотикалық түрімен ерекшеленеді.

Сырт көзге елеусіз болса да, орыс кәсібі Батумиге едәуір әсер етті. Грузиндердің көбі ресейліктердің жаппай кәсіп ашуын "экономикалық экспансия" деп бағалады.

Батумиге көшіп келген орыстар, беларусьтер мен украиндер жаңа жерге тез үйренісіп кетті. Олар қалада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан дәмхана, бар, сұлулық салоны, йога студиясы, жылжымайтын мүлік агенттігі сияқты кәсіп түрлеріне жанама экономика қалыптастырды.

Батуми тұрғындары мұны қауіп көре бастады.

– Жаңа кәсіпорындар қала ішіндегі қала немесе мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты. Кей ресейлік компанияларға барсаң, Грузияда жүргеніңді ұмытып қаласың, – дейді жергілікті "Батумелеби" жаңалықтар агенттігінің журналисі Ирма Димитрадзе.

Батуми тұрғындарының басым көпшілігі орыстарды өздеріне жау мемлекеттің азаматтары санайды: 2008 жылы Грузия мен Ресей арасында соғыс болды, содан бері Мәскеу Грузияның жікшіл аймақтары – Абхазия мен Оңтүстік Осетияны қолдап келеді. Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл шиеленіс тіпті күшейген.

Oriental Bakery грузин азаматы Рауль Путладзеге тиесілі. Ол грузин бариста таппаған соң, Алексей Лосев деген беларусь жігітті жұмысқа алған.
Oriental Bakery грузин азаматы Рауль Путладзеге тиесілі. Ол грузин бариста таппаған соң, Алексей Лосев деген беларусь жігітті жұмысқа алған.

"Батумелеби" мен басқа да ақпарат құралдары Батумидегі жаңа ресейлік компаниялар "Грузияда клиенттерге грузин тілінде қызмет көрсетілуі керек" деген талапты бұзып отырғанын анықтаған.

1 тамызда "Тіл туралы" заңның сақталуына жауапты орган – Бәсекелестік жөніндегі ұлттық агенттік Батумидегі 11 кәсіпорынға қарсы тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеуге ілінетін компаниялар саны тағы да артуы мүмкін.

Агенттік Азаттыққа тергеуге ілінген кәсіпорындар қай тілде қызмет көрсетіп жатқанын айтпады. Бірақ Димитрадзенің агенттіктегі ақпарат көздері бұл компанияларды орыстар басқарады деген.

Oriental Bakery грузин азаматы Рауль Путладзеге тиесілі. Ол грузин бариста таппаған соң, Алексей Лосев деген беларусь жігітті жұмысқа алған. Алексей Украинада соғыс басталғанда отбасымен бірге Батумиге қашқан. Қазір грузин тілін үйреніп жүр. Мекеме иесі арасында провокаторлар да кездесетінін, бір журналист дәмханаға бірнеше рет келіп, баристаның грузин тілін әлі жетік білмейтінін көрсету үшін көп сұрақ қойып, видеоға түсіріп алғанын айтады.

Путладзе "Тіл туралы заңның" сақталуын қолдайды. Бірақ "Тбилисиде тіл мәселесінде агрессия басым, Батумиде ондай жоқ" дейді ол.

Беларусь азаматы Никита да "Тбилисиде қай тілде сөйлеуім керек?" деп сұрайсыз. Ал Батумиде орысша сөйлей беремін, бірақ бірде-бір рет негатив реакция байқамадым" дейді өз тәжірибесін бөлісіп.

2015 жылы Грузияда кәсіпкерлік субъектілерінің грузин тіліндегі атаулары мен жарнамасы басқа тілдерде жазылғандай анық әрі көзге көрінетіндей болуы керек деген заң қабылданды. 2022 жылы қабылданған тұтынушылар құқығы туралы заңға сәйкес, бизнес өкілдері мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті. Заңда грузин тілін білмеу ол тілде қызмет көрсетпеуге негіз бола алмайды деп нақты жазылған.

Бәсекелестік жөніндегі ұлттық агенттік осындай заңбұзушылықтарды тауып, бизнес өкілдерімен жұмыс істейді. Заңды бұзған кәсіпкерлер ескертуге құлақ аспаса, айыппұл төлейді.

Батумиде грузин тілінде қызмет көрсету туралы талап жиі бұзылады. Мұндай жағдай ресейліктер ашқан мекемелерде ғана емес, түрік мейрамханасы мен тай массаж салондарында да кездеседі.

Журналист Димитрадзе "Түркияның жөні бөлек, ол – біздің досымыз. Ресей бизнесіне ерекше көңіл бөлу расизм емес, шынайы қауіппен байланысты" дейді.

Ресейлік Алексей Антоненко 2015 жылдан бері Грузияда тұрады. Ол Батумиден Back Door деп аталатын бар ашқан. Кәсіпкер өз мекемесін Батумиге келген қонақтардың бәріне қауіпсіз орынға айналдырғысы келеді. Оның қол астында украиндер мен беларусьтер істейді. Азаттық тілшісі барған күні барда украин комедиясының кеші өтіп жатты.

Батумиде Қара теңіз жағасында демалып жатқан адамдар.
Батумиде Қара теңіз жағасында демалып жатқан адамдар.

Алексей грузин барменді бір апта бұрын ғана тапқан. Оған дейін грузинше сөйлейтін кәсіби бармен табу қиынға соққан. Бардың мәзірі мен атауы ағылшын тілінде жазылған. Бұл заңға қайшы, бірақ Алексей мұны олқылық көрмейді. "Бізге келетін грузиндер ағылшын тілін жақсы біледі. Осы уақытқа дейін тілге қатысты кикілжің болған жоқ" дейді ол. Кәсіпкердің пікірінше, ережелердің еш мәні жоқ, қай тілде сөйлеуді нарықтың өзі шешуі керек.

Батумидегі ресейлік мекемелердің бірінде бармен болып істейтін жігіт "Заң мен шынайылық екі түрлі" екенін мойындайды.

– Батуми – космополит қала, шетелдіктерге етіміз үйреніп кеткен. Қазір не өзгерді десеңіз, орыстілді халық саны артты. Олар басымдыққа ие болып барады, айырмашылық осында, – дейді жергілікті гид Саломе Горгиладзе.

Оның айтуынша, 180 мың халқы бар Батумиде орыстардың саны 30 мыңға жуықтайды.

Ұлттық банк дерегінше, Украинада соғыс басталғаннан кейін Батумиден жылжымайтын мүлік сатып алған ресейліктердің үлесі күрт өскен. Мәселен, 2022 жылы қарашада қаладан тұрғын үй сатып алушылардың 18 пайызын орыстар құраған.

Батуми мен оған жақын жағажай курорттары Ресей мен басқа да постсоветтік елдердің азаматтары жиі баратын демалыс орындарының қатарына кіреді. Биылғы маусымда Батумиде ресейлік туристер көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG