Accessibility links

Семейде Жотабаевты азаптады деп айыпталған екі полицей шартты жаза алды. Жотабаев қамауда ауыр жарақаттан көз жұмған


Civil activist from the city of Semey Mukhit Tugelbaev in front of the court building
Civil activist from the city of Semey Mukhit Tugelbaev in front of the court building

Семей қаласындағы №2 сот Қаңтар оқиғасында азапталып қаза болған семейлік Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты іс бойынша екі полицей Әлішер Қанақынов пен Ерсұлтан Ағзамовты шартты жазаға кесті.

Іс-материалдарына сай, Қанақынов пен Ағзамов 2022 жылы 7 қаңтарда Жотабаевты полиция бөлімшесінен уақытша тергеу изоляторына жеткізген, Жотабаев он күннен соң сонда көз жұмған.

Сот екі полицейді "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" бабымен айыпты деп танып, 4 жылға шартты жаза берді. Қанақынов пен Ағзамов сот үкімімен жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 4,5 млн теңге төлеуі тиіс.

Сот екі полицейдің жас екенін ескеріп, шартты жаза тағайындағанын айта келе "сотталушылар өздерінің кінәсін түсінеді" деп үміттенетінін жеткізді. Қанақынов – 23 жаста, Ағзамов – 27 жаста.

Жарыссөз кезінде прокурор соттан Қанақынов пен Ағзамовты 6 жылға түрме жазасына кесуді сұраған.

Сот кезінде көрсетілген видеода полицейлердің әрең қозғалып жатқан Жотабаевты тепкілеп жатқаны көрінеді. Полицейлер сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамай, "Жотабаевтың ақылға сыймайтын әрекетіне жауап ретінде" күш қолданғандарын, "қызметтік міндеттерін атқарғанын" айтты.

Сот отырыстарының бірінде айыпталушылардың адвокаты "Жотабаевты азаптағандар жауаптан сытылып кетті" деді.

21 шілдеде осы іс бойынша фельдшер Гүлмира Төлеубекованың бас бостандығы бір жылға шектелген. Оған "қызметін дұрыс атқармады" деген айып тағылған еді. Адвокаттар соттан Төлеубекованы емес изолятордың басшысы мен полицейлерді жауапқа тарту керек деген. Сот үкімінен кейін Төлеубекова құқық қорғаушыларға "өзіне қысым жасалғанын" айтқан.

36 жастағы Жотабаев 2022 жылы 17 қаңтарда уақытша ұстау изоляторында көз жұмған. Ол 6 қаңтарда ұсталған еді. Медициналық сараптама кезінде Жотабаевтың 11 қабырғасы сынғаны, өкпесінің ісіп кеткені анықталған.

Куәгерлердің сөзінше, оны азаптаған изолятор қызметкерлері сотқа куәгер ретінде қатысқан.

2 тамызда Семейде Қаңтар құрбаны Елдос Қалиевтің өліміне байланысты полицей Айдын Азанбаев бас бостандығынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG