Accessibility links

Астана тұрғыны Жоғарғы сот алдында пикет өткізіп, 8 жылға сотталған ұлын босатуды талап етті


Астана қаласының тұрғыны Зеннат Садуақасова Жоғарғы сот алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Астана, 25 тамыз 2023 жыл.
Астана қаласының тұрғыны Зеннат Садуақасова Жоғарғы сот алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Астана, 25 тамыз 2023 жыл.

Астана тұрғыны Зеннат Садуақасова "пара алды" деп айыпталып, 8 жыл түрме жазасына кесілген ұлы Бауыржан Ахметовті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шықты. Жоғарғы сот ғимаратының алдына келген 68 жастағы зейнеткер әділдік орнамайынша наразылықты тоқтатпаймын дейді.

– Жоғарғы сот төрағасымен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескім келеді. Сөзімді тыңдаса, осы істі аяқсыз қалдырмаса екен деймін. Өйткені балам сегіз жылға сотталатындай қылмыскер не жемқор емес. Жемқорлар шетел кезіп жүр. Миллиардтап ұрлап жатқандарды ұстамайсыңдар ма? Әділдік қайда? – дейді ол көңілі босап.

38 жастағы Бауыржан Ахметов 2020 жылдың қаңтарында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұл қызметте ол 1 жыл 8 ай істеген.

– Әкім орынбасары болып тұрғанда Астанадан келген меймандарды күту баламның мойнына жүктелген ғой. Сол кезде өңірге депутат Дариға Назарбаева, премьер-министр Асқар Мамин сынды бірқатар лауазымды тұлғалар іссапармен келген. Дастарқан жаю, күтіп алу, гүл сыйлау дегендерге бюджеттен ақша қарастырылмайды екен. Енді қайтсін, тапсырылған соң қонақтарды күтіп алу керек. Сол кезде ұлым кәсіпкерлерден ақша жинаған. 2 миллион 300 мың теңге. Бірақ оның бір тиынын өзіне алмаған, бәрін қонақтарға жаратқан, - дейді зейнеткер.

Бауыржан Ахметов 2021 жылдың қыркүйегінде "пара алды" деген күдікке ілініп, ұсталған. Тергеу сегіз айға созылып, былтыр маусымда Екібастұз қалалық соты Ахметовті айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Қазір ол Павлодардағы №46 түзету мекемесінде отыр.

Бауыржан Ахметовтің жақындары "айғақтар ескерілмеген, іс біржақты қаралған" деп айтқан. Экс-шенеуніктің анасы мен әйелі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Ахметовке тағылған "пара алу" бабын "қызметін асыра пайдалану" деп өзгертуді сұраған.

– Үкімге келіспей, облыстық сотқа шағымдандық. Бірақ олар Екібастұз қалалық сотының жадағай шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұдан соң бас прокуратураға шағым түсірдік. Қылмыстық істі мұқият қарап, зерделеген құзырлы орган Екібастұз қалалық соты мен Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының "қаулысы жойылсын, істі қайта қарасын" деген ұйғарым жасап, Жоғарғы сотқа наразылық білдірген. Бірақ 15 тамызда Жоғарғы сот бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды, – дейді Зеннат Садуақасова.

Зейнеткердің бүгінгі пикетіне Астана әкімдігі рұқсат берген. Жоғарғы сот алдында өткен шараны арнайы жасақ пен әкімдік өкілі сырттай бақылап тұрды.

Бауыржан Ахметовпен бірге тағы екі адам ұсталып, қамалған. Олар – қаланың коммуналдық қызметке жауапты басшысы мен әкімшіліктің бас маманы. Екібастұз соты ол екеуіне жеті жылдан бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG