Accessibility links

Ақ үй: Украинаға келтірген залал өтелмесе, Ресейдің Батыстағы активтері бұғатта тұра береді


Джейк Салливан.
Джейк Салливан.

Ресейдің АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия мен Франциядағы активтері Мәскеу Украинаға келтірген залалды өтегенге дейін бұғатталады. Бұл жөнінде АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан еуропалық әріптестерімен өткен келіссөзден кейін мәлімдеді.

Ақ үйдің сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, келіссөзге қатысушылар Ресейді соғыс кезінде келтірген залал үшін жауапқа тарту жолдарын да талқылаған.

"Коммерсантъ" басылымының мәліметінше, Франция Ресей Орталық банкінің 22 миллиард еуросын, жеке тұлғалар шотындағы шамамен 150 миллион еуроны бұғаттаған. Ресейдің Италияда бұғатталған активінің құны шамамен 2,5 миллиард еуро, ал Ұлыбританияда 21 миллиард еуроға жуық ақша бұғатталған. Вашингтонда Ресейге тиесілі 330 миллиард доллар, ал Германияда Орталық банк пен бірнеше ресейліктің 5 миллиард еуродан астам активі бұғатталып тұр.

Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған бейбіт жоспарда 1991 жылғы Украина шекарасын қалпына келтіру, Ресей әскерінің бәрін ел аумағынан шығару және Мәскеу келтірген залалдың орнын төлеу жөнінде талап қойылған.

Батыс елдері соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру үшін Ресейдің бұғатталған активтерін Киевке беру мүмкіндігін анықтап жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Еуроодақ билігі Ресейден қаражатты тәркілеудің заңды механизмін әлі таппаған.

Кремль шет елдер Украинаны қолдауға Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалануды ұйғарса, Мәскеу мұны тікелей ұрлық деп санайтынын мәлімдеген. Ресей президенті Еуроодақ ұсыныстары халықаралық сауда ережелері мен нормаларын бұзады деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG