Accessibility links

Песков "Пригожин ұшағының апатына Ресей билігінің қатысы жоқ" дейді


Мәскеуде жұрт Пригожиннің суретінің маңына гүл қойып жатыр. 25 тамыз 2023 жыл.
Мәскеуде жұрт Пригожиннің суретінің маңына гүл қойып жатыр. 25 тамыз 2023 жыл.

25 тамызда журналистер сұрағына жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Вагнер" басшысы Евгений Пригожиннің ұшағының құлауына "Ресей билігінің қатысы жоқ" деп мәлімдеді

"Апат айналасында, ұшақ жолаушылары, соның ішінде Евгений Пригожиннің қайғылы қазасына байланысты қазір түрлі спекуляция көп. Әрине, Батыста бұл спекулация біржақты беріліп жатыр. Мұның бәрі жалған" деді Песков 25 тамызда журналистерге таратқан аудиожазбасында.

Оның жауабын ресейлік "Маяк" радиосы жариялады.

Ресей билігі әзірге "Пригожин әуе апатынан қаза тапты" деген ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Песков ұшақ жанынан табылған мәйіттерге генетикалық сараптама жүргізіліп жатқанын айтып, "ресми қорытынды дайын болғанда жарияланады" деді.

Кеше, 24 тамызда, Ресей президенті Владимир Путин Пригожиннің қаза тапқанын жанама түрде растап, оны "тағдыры күрделі талантты адам" деп атаған.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің барлау тобы "Пригожин ұшақ апатынан қаза тапқаны жайлы ақпарат шындыққа әбден жақын" деп жазды.

23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Ресей федерациясының азаматтық авиациядағы мемлекеттік мүлікті басқаратын атқарушы органы – Росавиация агенттігінің мәліметінше, ұшақтың жолаушылар тізімінде "Вагнер" жеке әскерінің басшысы Евгений Пригожин мен оның "оң қолы", "Вагнер" командирі Дмитрий Уткин болған.

Кейбір сарапшылар ұшақ апатын Путиннің "кек қайтаруы" деген еді.

Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.

Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG