Accessibility links

Финляндияда "Русич" жетекшілерінің бірі, неонацист Ян Петровский ұсталды


Финляндияда полиция "Русич" диверсия-штурм барлау тобы жетекшілерінің бірі, радикалды ұлтшыл Ян Петровскийді ұстады. "Русич" – Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жатқан орыс неонацистерінің тобы. Петровский 2014-2015 жылдары Украинада әскери қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Бұл жөнінде MTV3 телеарнасы хабарлады.

Журналистердің мәліметінше, Ресей азаматы қамауға алынған. Украина оны экстрадициялау туралы өтініш жіберді. Ресей елшілігі Финляндияда "Киевтің сұрауымен ресейліктің ұсталғаны жөнінде хабар түскенін" хабарлаған.

"Русич" Петровскийді Ресейге бермейінше соғысқа қатыспайтынын мәлімдеді.

Украинаның құқық қорғау органдары 2014-2015 жылдары Украинаның Донецк және Луганск облыстарында сепаратистер жағында соғысқан Петровскийді әскери қылмыс жасады, оның ішінде тұтқындарды азаптап, өлтірді деп айыптайды. Бұл әскери топ украин еріктілерінен құралған "Айдар" батальонымен 2014 жылы қыркүйекте қақтығысқа қатысқан.

"Русич"жасағы қазір де Украинадағы соғысқа қатысып жүр. Топ пен оның басшылары Мильчаков пен Петровскийге былтыр қыркүйекте АҚШ Харьков облысындағы "ерекше қатігездігі үшін" санкция салған.

Былтыр желтоқсанда Еуроодақ та "Вагнерге" қатысы болғаны үшін "Русич" командирлеріне санкция салған.

Петровский Еуроодақ аумағында бұрын да ұсталған. 2004 жылдан бері Норвегияда тұрған ол 2016 жылы ұсталған еді. Сол кезде оның Норвегияда болуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні айтылып, депортацияланған болатын.

XS
SM
MD
LG