Accessibility links

Бішкек: Қазақ-қырғыз шекарасында жағдай тұрақталып келеді


Қазақ-қырғыз бекетіндегі көлік кезегі. 24 тамыз 2023 жыл.
Қазақ-қырғыз бекетіндегі көлік кезегі. 24 тамыз 2023 жыл.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай тұрақталып қалғанын хабарлады.

Комитет екі ел шекарасындағы кейбір өткізу бекеттерінде көліктер кезегі ақырындап қысқарып келе жатыр деді.

"28 тамыздағы жағдай бойынша "Кен-Булун", "Чалдыбар", "Чон-Капка" өткізу бекеттерінде көліктер кезекте тұрған жоқ. Ал "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде қазір шамамен 140 көлік тұр. Кеше, "Ақ-Тілек" бекетінен Қырғызстаннан 292 көлік шығып кетті" деп хабарлады қырғыз шекара қызметі.

Өткен аптада қазақ-қырғыз шекарасындағы "Кен-Булун" және "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде жүк көліктерінің ұзын кезегі пайда болып, Қырғызстан тарабы қазақ шекарашылары күніне 5-6 машинаны ғана өткізіп жатқанын айтқан. Өткізу бекеттерінде 350-490 көлікке дейін тұрғаны айтылған.

Қазақстан ҰҚК-ның шекара қызметі өткізу бекеттерінде заңға қайшы әрекеттерді болдырмас үшін кешенді шара жүріп жатқанын мәлімдеген.

26 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды "екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді" тапсырған еді.

"Тауарларды шекара арқылы заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін цифрландыру мен автоматтандыруды неғұрлым белсенді енгізу мәселесі бойынша қырғыз тарапымен келіссөздерді жалғастыру қажет" деген Тоқаев.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек Жамбыл облысында су тапшылығымен тұспа-тұс келді. Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Шекарадағы жағдай ушыққан шақта Қазақстан "су жібермей қойған Қырғызстанды жазалап жатыр" деген сөз де айтылды.

22 тамызда Жамбыл облысының Қордай, Мерке, Рысқұлов және Талас аудандарында ағын су жетіспеуіне және күн ыстықтығына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Қазақстан билігінің айтуынша, биыл Қырғызстаннан келетін су 10 есеге азайған. Ал Қырғызстан тамызда Жамбыл облысына су жіберуді тоқтатқаны белгілі болды. Бішкек биыл жазда өздеріне су жетпей жатқанын бірнеше рет мәлімдеген.

Қырғызстан Талас өзеніндегі Киров су қоймасындағы судық көлемі былтырмен салыстырғанда 144,8 миллион текше метрге азайғанын айтады. Былтыр бұл көрсеткіш 177,28 миллион текше метр болған.

Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қырғызстанның Талас облысында да су тапшы болып отыр, бұл облысқа Киров су қоймасынан секундына 1,3 текше метр су жіберіледі. Былтыр бұл уақытта секундына 13,7 текше метр су аққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG