Accessibility links

Польша мен Балтық елдері "Вагнер" жасағының Беларусьтен кетуін талап етті


Беларусь жерінде жүрген ресейлік "Вагнер" тобының жалдамалы жауынгері.
Беларусь жерінде жүрген ресейлік "Вагнер" тобының жалдамалы жауынгері.

Польша, Литва, Латвия мен Эстония Беларусь билігінен ресейлік "Вагнер" жеке меншік әскерін түгелдей елден дереу шығарып жіберуді талап етті. Бұл туралы Балтық елдері сыртқы істер министрлерімен кездесуінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Польша сыртқы істер министрі Мариуш Каминьский хабарлады.

Каминьский Беларусь жерінде қару ұстаған бірнеше мың жалдамалы әскердің болуы ол елдің азаматтарына да, оған қоса бүкіл аймаққа қатер төндіреді деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, Еуропа Одағы мемлекеттері "Вагнер" жасағының қатысуымен "әскери сипаттағы оқиғалар" болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ондай жағдайда Польша мен Балтық елдері Беларусь шекарасын толық жауып тастауға дайын деді Каминьский.

Бұған қоса Каминьский кейінгі уақытта шекараның Беларусь жағында Еуроодақ аумағына өткісі келетін заңсыз мигранттар қатары ұлғайғанын айтқан. Министрлер Александр Лукашенконың режимінен ол мигранттарды келген еліне қайтаруды және көші-қон дағдарысын ушықтырмауды талап етті.

Литва ішкі істер министрі Агне Билотайте осы елдер төтенше оқиғалар бола қалған жағдайда бірлесіп әрекет ету жөнінде келіскенін мәлімдеді. Қазір Вильнюс Беларусь пен Литва арасындағы Лаворишкес мен Райгардас сынды тағы екі шекара өткелін жабу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 18 тамыздан бастап Литва Беларусьпен арадағы алты бақылау-өткізу бекетінің екеуін – Шумскас пен Тверячюс өткелдерін жапқан.

  • "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскері топтың басшысы Евгений Пригожиннің Ресей астанасына жасамақ болған "жорығы" басталмай жатып аяқталған соң маусымның аяғында Беларусь мемлекетіне келе бастаған. Беларусь билігі "Вагнер" жасағы осы елдің қарулы күштерін жаттықтыратын болды деп хабарлаған. "Вагнер" әскері жеңіл қару-жарақпен келген. Олардың негізгі лагері Могилев облысына жайғасқан.
  • Польша мен Балтық елдері Беларусьпен шекарасын нығайту шараларын қолға алды. Польша шекарасына қосымша қорғаныс құралдарын орнатып, әскер санын ұлғайтты. Ел билігі шекарашылар санын 10 мыңға дейін жеткізбек. Латвияның шекара қызметі күшейтілген тәртіпке көшетінін жариялады. Рига Беларусь шекарасынан заңсыз өтуге талпыныс жасайтындар көбейгенін айтып, Минскіні жағдайды ушықтырғысы келеді деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG