Accessibility links

Трамп ісі: сайлау қорытындысын жоюға талпыныс бойынша сот 2024 жылғы наурызға белгіленді


АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп. 24 тамыз, 2023 жыл.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп. 24 тамыз, 2023 жыл.

АҚШ федерациялық судьясы Таня Чуткан 2020 жылғы президент сайлаудың қорытындысын жоюды мақсат тұтқан астыртын әрекет туралы іс бойынша сот процесін 2024 жылғы 4 наурызға белгіледі. Бұл іс бойынша АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа айып тағылған. Судья Чуткан өз шешімін "қоғамның бұл мәселе тез әрі тиімді шешілгенін қалау құқы бар" деп түсіндірді деп хабарлайды ВВС медиакомпаниясы.

Айыптау қорытындысында Трампқа АҚШ-ты алдау мақсатымен сөз байласу, ресми шараларға кедергі келтіру және азаматтардың құқығын бұзу мақсатын көздейтін астыртын әрекет жасау сияқты айыптар тағылған.

Арнайы прокурор Джек Смит экс-президент Трампқа 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге басып кірген жүздеген жақтасын айдап салды деген айып тақпады.

АҚШ федерациялық судьясы 61 жастағы Таня Чуткан бұған дейін Капитолийге баса-көктеп кіргендерге қатаң үкімдер шығарған. Чуткан бұл қызметке Барак Обама президент болып тұрғанда тағайындалған.

Дональд Трамп АҚШ тарихында бұрынғы және қызметте отырған президенттер арасында қылмыстық іс бойынша айыптар тағылып, сотқа тартылған алғашқы президент дейді ВВС. Сайлау қорытындысын жоюға талпыну ісі – Трампқа қарсы қозғалған төрт қылмыстық істің бірі.

77 жастағы Дональд Трамп АҚШ-та 2024 жылы өтетін президент сайлауына Республикалық партиядан түскісі келеді. Қазір осы партиядан президенттікке кандидат болуға үміткерлер арасында ол алда тұр.

Ортақ кандидат таңдау мақсатымен өткізілетін партия ішіндегі іріктеу (праймериз) қаңтарда басталады. Ал праймериз қызған шақта – оннан астам штатта алдын ала сайлау өтетін, АҚШ-та "үлкен сейсенбі" деп аталатын саяси шараға бір күн қалғанда сот процесі басталмақ.

2024 жылғы 25 наурызда президент Трамп порноактрисаға айла-шарғымен ақша төлеген деген айып бойынша Нью-Йорк сотында жауап бермек. Ал сол жылы мамырда Флоридада Трампқа қарсы тағы бір іс – құпия құжаттармен жұмыс істеу тәртібін бұзған деген айып бойынша сот басталады.

Трамп пен тағы 18 адамға қарсы Джорджия штатында тағы бір іс қозғалған. Оларға осы штаттағы сайлау қорытындысы жоймақ болды деген айып тағылған. Бұл іс бойынша сот қашан басталатыны әзірше белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG