Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Еурокомиссияға хат жолдап, Қазақстан жағы Еуропа одағы аумағына жеткізілген, Ресейдікі болуы мүмкін деген күдікке ілінген ағаш өнімдеріне қатысты жүргізіліп жатқан демпингке қарсы тергеуге болысуға дайын екенін білдірген. Бұл туралы 29 тамызда министрлік таратқан ақпаратта айтылған.
Қазақстанның мемлекеттік өкілді мекемесі бұл мәлімдемесін Еурокомиссия тергеу бастағаннан кейін бір аптадан соң жасап отыр. Еурокомиссия тергеуіне Қазақстан мен Түркия қай елден алынғанын көрсетпей, Еуропа одағы аумағына кіргізген қайыңнан жасалған өнім Ресейден жөнелтілген болуы мүмкін деген күдік себеп болған. Бұған қоса осы тергеу Қазақстан мен Түркия Еуропаға ағаш өнімін жөнелткен кезде Еуроодақтың Ресейде өндірілген ағаш өніміне қатысты салған демпингке қарсы шараларын айналып өткен жоқ па деген сұраққа жауап іздейді.
Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі аталған өнімді Еуропа одағы елдеріне экспорттайтын отандық өндірушілер мен мүдделі тұлғаларды Еурокомиссия тексеруіне септесуге үндеген. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, биылғы 28 қыркүйекке дейін қазақстандық қайың фанера өндірушілер Еуропалық комиссиямен ынтымақтаса отырып, ол сұратқан ақпаратты ұсынуы қажет дейді министрлік. Деректерді бермей қойған және тергеуге қатысудан бас тартқан жағдайда қазақстандық қайың өніміне қолданыстағы демпингке қарсы баж алымы ең жоғарғы деңгейге – 15,8% дейін көтерілетінін ескерткен. Дәл осындай шара, егер Еурокомиссия ресейлік қайың өніміне салған демпингке қарсы шараны қазақстандықтар айналып өткені расталған жағдайда, Қазақстаннан Еуроодаққа жөнелтілетін қазақстандық тауарларға қолданылатын болады.
Еурокомиссия тергеуіне Еуропаның ағаш өңдеуші өнеркәсібі консорциумының берген өтініші себеп болған. Онда Қазақстан мен Түркия Еуропа одағына жөнелткен қайыңнан жасалған өнім көлемі ұлғайғаны, ол өнімдер Ресейден шыққан болуы мүмкін деген күдік бары айтылған.
2022 жылы шілдеде Еуропа одағы ресейлік ағаш өндеуші кешені өнімдерін, соның ішінде фанера импортына да тыйым салған. Оған дейін, 2021 жылы Еуроодақ Ресейден әкелінетін қайың фанераға, өндірушісіне байланысты, 14,4 пайыздан 15,8 пайызға дейін демпингке қарсы баж алымы енгізілген. Ресейдің "Интерфакс" агенттігі баж өскеніне қарамастан, ресейлік ағашқа толық тыйым салғанға дейін, Еуроодаққа жеткізілген қайың фанераның жартысына жуығы Ресейден әкелінгенін айтады. Агенттіктің жазуынша, Мәскеуге санкциялар салынғаннан кейін Ресейдегі өндірушілер фанера экспортын басқа нарықтарға бұрған.
Тергеу жүргізу туралы бастама көтергендердің бірі – Еуропада орналасқан Latvijas finieris компаниясы бұған дейін LETA агенттігіне демпингке қарсы шаралар мен санкцияларды Қазақстан мен Түркия арқылы өтетін сауда жолдарын пайдаланып айналып өтуге болады деген күдікке негіз бар деп мәлімдеген.
Компания өкілдері Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін Түркия келетін ресейлік қайың фанера импортының көлемі елеулі түрде өскенін айтқан. Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы экспорт келісімдерінің дерегіне қарағанда, Қазақстаннан Еуроодаққа жөнелтіліп жатқан қайың фанера көлемі де ұлғайған.
Қазақстан да, Түркия да ешқашан қайың фанераны көптеп өндіретін ел болған емес дейді компания өкілдері. Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, 2022 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша, жергілікті фанера өндірушілер шикізатты Ресейден де алып тұрған.
ПІКІРЛЕР