Accessibility links

"Путин өзіне қарсы шыққан жауының көзін жойды". Пригожиннің қазасы және Ресейдегі "бандиттік заңдар"


Санкт-Петербургтегі халы қойып кеткен Евгений Пригожиннің суреті мен гүл шоқтары.
Санкт-Петербургтегі халы қойып кеткен Евгений Пригожиннің суреті мен гүл шоқтары.

Киберқауіпсіздік бойынша сарапшы, жазушы, талдау орталығының негізін қалаушы Дмитрий Альперович "Вагнер" тобының басшысы Евгений Пригожиннің қазасы, Ресейдегі саяси жағдай мен Украинадағы соғыс туралы ойымен бөлісті.

Дмитрий Альперович — Совет Одағы дәуірінде дүниеге келген кәсіпкер, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы. Ол — 2016 жылы Ресейдің АҚШ Демократиялық партиясына жасаған хакерлік шабуылы сияқты атышулы істерді зерттеген CrowdStrike орталығы құрылтайшыларының бірі. Альперович сондай-ақ 21-ғасырдағы АҚШ-тағы саяси мәселелерді зерттеумен айналысатын Silverado Policy Accelerator талдау орталығын ашқан.

Сарапшы 23 тамызда "Вагнер" жалдамалы әскер тобының негізін қалаушы Евгений Пригожиннің ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін Азаттықпен сөйлесіп, Путин құрған "бандиттік мемлекет", бұл оқиғаның ықтимал месседжі және оның Украинадағы соғыс пен Африкадағы жағдайға әсері туралы айтып берді.

Азаттық: Пригожиннің рөлі аяқталды, ал "Вагнердің" жайы не болады?

Дмитрий Альперович: Ресейлік әскерилер "Вагнер" тобының жауынгерлері мен командирлері бірігіп, Ресейдің күш құрылымдарымен немесе "Редут" сияқты жекеменшік жалдамалы әскер тобымен келісімшартқа отырғанын қалайды. Бүліктен кейін бір аптадан соң, Путин Кремльде Пригожинмен және "Вагнердің" 30 командирімен кездескенде осы туралы айтты. Кейін Путиннің өзі айтқандай, командирлер мемлекетке жұмыс істеуге келіскен. Бірақ Пригожин бәрінің атынан сөйлеп, ұсыныстан бас тартқан.

Азаттық: Пригожин жазасыз қаламын деп ойлады ма? Солай болса, бұлай ойлауға не себеп болды?

Лукашенко керемет келіссөз жүргізетін адам деп ойламаймын. Жай екі ортада шапқылап, хат-хабар таситын бала болған сияқты.

Дмитрий Альперович: Пригожиннің қазасы бүлік үшін кек қайтару деп ойламаймын. Бүліктен кейін билік оның қателігін кешіріп, келісімге келген сияқты. Путин Пригожинге бірнеше шарт қойды, оның бірі елден кетумен байланысты. "Вагнер" басшысы Беларуське жер аударылды. Бұл жалпы, Беларусь туралы емес, Пригожиннің көзден таса болып, алысқа кетуі жөніндегі келісім еді. Бірақ Пригожин бұл шартты орындамады.

Африкаға қатысты текетіреске келсек, Путин "Мен оны кешірдім, өмір сыйладым, қауіпсіздігіне кепілдік бердім, ол маған қарсы бас көтеріп отыр. Бүлік үшін бизнесіңді тартып алып, достарыма бөліп беремін. Ал сен енді қарсыласып көр" деп ойлаған сияқты.

Азаттық: Сонда Пригожин өзіне берілген кешірімді қабылдаудан бас тартты ма?

Дмитрий Альперович: Иә, ол келісімді бұзып жатқанын білмеген де шығар. Өйткені бұл келісімде барлық шарт анық жазылды деп ойламаймын. Путин Пригожинді тізе бүктірдім деп сенді. Қандай шарт қойсам да, келіседі деп үміттенді. Келіссөз кезінде Африка туралы айтпаса да, кейін бизнесін тартып алғанда Пригожин үндемеуі керек еді. Бірақ бәрі Путин ойлағандай болмады.

Азаттық: Келіссөздерде делдал болған Беларусь режимінің лидері Александр Лукашенконың рөлі қызық болды. Бұл туралы не ойлайсыз?

Дмитрий Альперович: Ол керемет келіссөз жүргізетін адам деп ойламаймын. Жай екі ортада шапқылап, хат-хабар таситын бала болған сияқты. Бүлік басталғанда Путин Пригожинмен тікелей сөйлескісі келмеді. Ал Пригожиннің айтары бар еді. Өйткені Путин бұл бүлікті өзіне қарсы әрекет деп бағалады. Шын мәнінде олай емес. Пригожин Мәскеуге әскери көлікпен барамын, бірақ Путинмен дос болып қала беремін деп қатты қателесті. Ол қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен штаб басшысы Валерий Герасимовтің отставкасын талап етпек болды. Ал Лукашенко екеуімен де сөйлесе алатын. Сондықтан екі ортада сәлемдеме тасыды.

"Вагнер Беларуське кетті" деген сценарийдің еш мәні болмады. Пригожин елден қуылды. Путин "Кешірдім, тірі жүре берсін. Тек көзіме көрінбесін" деді. Ресей президентіне Пригожиннің қайда кететіні маңызды болмады. Бірақ Пригожин жай кетпей, Ресей үкіметіне қиындық туғыза бастағанда өзіне үкім шығарды.

Пригожин халықаралық ғалымдармен және журналистермен кездесуде Путинді тамақтандырып жатыр. 2011 жыл.
Пригожин халықаралық ғалымдармен және журналистермен кездесуде Путинді тамақтандырып жатыр. 2011 жыл.

Азаттық: Шойгу мен Герасимов енді тыныш ұйықтай ала ма?

Дмитрий Альперович: Олар қазір шампан ішіп, тойлап жатқан шығар. Өйткені қарсыластарының көзін жойып ғана қойған жоқ, кек те қайтарды. Путин Пригожиннің әрекетін "Мәскеуге қарсы шеру" деп жүрегіне жақын қабылдады. Ол бұрын-соңды Путинге қарсы артық қимыл көрсетпеген еді. Ал Шойгу мен Герасимовті әр видеосында келекелеп, қатаң сынайтын. Сондықтан олардың Пригожинді неге жек көретіні әбден түсінікті.

Азаттық: Бұл кек қайтару ма, әлде келісімді бұзғаны үшін жазалау ма?

Дмитрий Альперович: Мәселе оның келісімді бұзғанында емес. Келісімде Африка туралы айтылмаған болуы да мүмкін. Путин Пригожин елден кетіп, енді мәселе туғызбайды деп күтті. Бірақ Пригожин олай жасамады.

Азаттық: Онда басқаша сұрайын. Бұл кек қайтару ма, әлде…

Дмитрий Альперович: Бизнес.

Азаттық: Пригожин ешқайда кеткісі келмеді. Бірақ оның өзін ұстауы да, қазасы да голливуд фильмдері сияқты қызу талқыланды. Олар Пригожинді басқа кез келген әдіспен өлтіруі мүмкін еді. Бірақ әуе апатын таңдады. Бұл нені білдіреді?

Дмитрий Альперович: Нақты айту қиын. Өлтіру әдісін Путин таңдады деп ойламаймын. Ол жай ғана бұйрық берген де шығар. Ал президенттің қол астындағылар — Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өз білгені бойынша жасаған болуы мүмкін. Пригожинге жақындау қиын, күзеті мықты. Оны Мәскеуде өлтіру оңай емес. Сондықтан "әуе апатын ұйымдастыру" – ақылға қонатын дүние. Бұл ең жеңіл әдіс болса керек.

Азаттық: Пригожин бүлік шығарған кезде көбі Путиннің билігі әлсіреді деп жазды. Енді ол Ресейге және бүкіл әлемге әлі де өз күшінде екенін көрсетті ме?

Дмитрий Альперович: Иә. Өз билігін уақытша болса да, қалпына келтірді. Бәріне "Жауларымның бәрін өлім күтіп тұр. Осыны ұмытпаңдар" деген месседж берді.

Азаттық: Бұл іске екі ай уақыт кетсе де ме?

Дмитрий Альперович: Иә. Бұл тіпті, жақсы. Қауіп қашан келерін білмейсің. Путиннің геосаяси мәселелері тереңдеп барады. Африкаға ұмтылысы қиын болады. Пригожин бұл бизнес империяның басшысы ғана болған жоқ. Ол іскер ұйымдастырушы, нағыз көшбасшы еді. Баскесер болғанымен, жақсы басқаратын. Африка құрлығында көп танысы, тиімді байланыстары болды. Оның орнын басу қиын, бұған көп уақыт кетеді.

Путин "Вагнерді" енді болашақ шабуылдарына қолдана алмайды.

"Вагнер" тобының болашағы белгісіз. Топтағы кей жауынгерлер қорғаныс министрлігімен жұмыс істеуге келісуі мүмкін. Пригожинге адал болғандар, қызметін абырой көрген кей азаматтар өз бетімен кетеді. Сондықтан мемлекет Пригожин құрған топты сол қалпында сақтап қала алмайды.

Украинадағы Бахмутты алған "Вагнердің" десанттық күштері де бұрынғыдай емес. Путин оларды болашақ шабуылдарына енді қолдана алмайды. Бұл қиын болады.

Иә, ол өзіне қарсы шыққан жауының көзін жойды. Оның бизнесін тартып алды. Бірақ Украинадағы соғыс пен Африкадағы ықпалын арттыруға келгенде қара басына қиындық тілеп алды.

Азаттық: "Вагнерді" АҚШ-та сотталған, қару-жарақ сататын Виктор Бут басқарады деген ақпарат шықты. Бұл қаншалық рас?

Дмитрий Альперович: Виктор Буттың Ресейде саяси капиталы жоқ. Көп саясаткердің бірі ретінде болашағы бар шығар, бірақ ол көшбасшы емес, ешкімді соңынан ерте алмайды, жүйенің ішінде тамыр-танысы аз.

"Вагнерге" жаңа басшы келетін болса, Путиннің айналасындағы адамдардың бірі болуы мүмкін. Мысалы, Ресей қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушевтің ұлы Дмитрий Патрушев. Путин билігін басқа біреуге тапсырамын деп шешсе, Ельцин сияқты өзін Халықаралық сотқа немесе Батыс елдерінің қолына тапсырмайтын, сенімді адамды тағайындар еді. Ол секемшіл адам, екінің біріне сене бермейді. Сондықтан өмір бойы танып келе жатқан адамдарына ғана арқа сүйейді деп ойлаймын.

Азаттық: Пригожиннің де өз жақтастары бар еді. Қазір олар қайда жүр?

Дмитрий Альперович: Пригожин өлмей тұрып, оның жақтастарына қарсы қуғын-сүргін басталып кетті. Олардың бірі – Игорь Гиркин. Ол Пригожинді жақтырмайтын, бірақ Путин мен соғысқа қарсы болды. Қазір ол түрмеде отыр.

Патша оянды, енді ол өзіне қарсы іс-қимылдарды кешірмейді. Адамдар оның қай деңгейдегі сын-пікірді көтеретінін түсіну үшін ақырын жүріп, анық басуға тырысып жатыр.

Азаттық: Пригожиннің қазасы Украинаға қалай әсер етеді?

Дмитрий Альперович: Маусымдағы бүлік пен Пригожиннің қазасынан кейін Киевтегі шенеуніктермен сөйлестім. Олардың реакциясы қызық болды. Украина попкорн алып, шоу көріп отырған сияқты.

"Вагнер" тобы маусымнан бері Украинада емес. Сондықтан қазіргі Украинаның қарымта шабуылына "Вагнердің" еш қатысы жоқ. Киев Пригожин туралы жаңалықтарды естіп отыр, бірақ оған назар аударуға мұршасы жоқ. Өйткені бұл жағдай оларға әсер ете қоймайды.

Пригожин кезіндегі "Вагнер" енді жоқ. Бұл — Украина үшін жақсы жаңалық.

Бұдан екі түрлі қорытынды шығаруға болады:

Біріншіден, Пригожин кезіндегі "Вагнер" енді жоқ. Бұл — Украина үшін жақсы жаңалық. "Вагнер" басқа формада жалғасуы мүмкін, бірақ ол бұрынғыдай тиімді болмайды.

Екіншіден, бұл Путинге сенуге болмайтынын көрсетеді. Пригожиннің қауіпсіздігіне кепілдік берген адам сөзінде тұрмады. Сондықтан Путинмен келіссөз жүргізетін болсаңыз…

Азаттық: Украиндер мұны Пригожинсіз-ақ біледі ғой.

Дмитрий Альперович: Украиндер мұны біледі. Еуропа мен басқа да мемлекеттерде келіссөз жүргізуді ұсынып жатқандар бар. Еуропа астаналарына барсам, үнемі "Келіссөз қашан басталады?" деген сұрақ қояды. Оларға "Кіммен келіссөз жүргізгелі жатқандарыңызды білесіздер ме?", "Путиннен қалағандарыңызды ала алатындарыңызға сенімдісіздер ме?" деймін. Украиндер қазіргі жағдайға қарап, өздерін келіссөзге итермелеген тараптарға "Путинге сенуге болмайды" деп айта алады.

Азаттық: Пригожиннің қазасы туралы көп жазылды. Сіз бұл оқиғаны қандай шығармаға ұқсатасыз?

Дмитрий Альперович: Бұл оқиға "Өкіл әке" фильміндегі Майкл Карлеоненің "Сенімен еш араздығым жоқ, Сонни. Бұл жай ғана бизнес" деген сөзін еске салады. Путин Пригожинді 1990-жылдардан бері таниды. Пригожинді өлтіргісі келмеген болар. Көбі Ресей президентін адам өлтіргеннен ләззат алатын қанышер көреді. Олай емес. Мүмкін осылай жасауға тура келгені үшін өкінетін де шығар. Бірақ бұл бизнес. Ресей сияқты мафиозды мемлекетте бизнес мүддеге араласуға болмайды. Бұл – диктатура, авторитар жүйе емес, Путин құрған бандиттік мемлекет. Бұл ел бандиттік ережелермен өмір сүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG