Accessibility links

Қырғызстан соты Украинада Ресей жағында соғысып, 10 жылға сотталған ер адамның үкімін жойды


Украинада Ресей жағында соғысқан қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлы. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті таратқан сурет.
Украинада Ресей жағында соғысқан қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлы. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті таратқан сурет.

Қырғызстан Жоғарғы соты Украинадағы соғыста Ресей әскері жағында соғысып, елінде 10 жылға сотталған Балықшы ауылының 30 жастағы тұрғыны Асқар Құбанышбекұлына шыққан үкімнің күшін жойды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Жоғарғы сот Асқар Құбанышбекұлының ісін аудандық сотқа қайта қарауға жіберді.

Сотталушының адвокаты Ақынбек Авазбековтің айтуынша, қорғау жағы соттан істі жалданбалы әскери қызметпен байланысты емес басқа баппен қарауды сұраған. Адвокаттың сөзінше, Құбанышбекұлы ресейлік "Вагнер" жеке әскери компаниясымен келісімшартқа отырмаған, тек "әскери бөлімдердің бірінің бұйрығы негізінде әскери қызметке алынған". Адвокат сонымен бірге соттан өзі қорғап отырған азаматқа пробациялық бақылау қоюды өтінген.

Оның соты қашан өтетіні белгісіз.

Асқар Құбанышбекұлы биыл қаңтар ортасында ұсталған. Мамыр айында ол жалдамалы әскери қызметкер ретінде шетелдегі соғысқа қатысқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу органдарының айтуынша, ол Украинадағы соғыста Ресей әскері қатарында соғысқан. Оның үстінен "шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қырғызстанда осындай іс бойынша алғашқы үкім шығып отыр.

Бұған дейін Азаттық бұл адамның соғысқа қалай тап болғаны жөнінде жазған. Азаттық оның әке-шешесі мен сөйлесіп көрген. Әкесінің сөзінше, ұлы Ресей азаматтығын алу үшін кейінгі 10 жылда Ресейде жұмыс істеген. Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей әскери келісімшартқа отырып, соғысуға келіскен мигранттарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беруді қарастыратын заң қабылдаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Украинадағы соғыста Ресей әскері жағында кемінде 10 қырғыз азаматы қаза болған. BBC ақпарат агенттігі кемінде 13 адамның аты-жөнін атаған. Ресей әскері немесе жеке әскери компания жасағының құрамында тағы қанша қырғыз азаматының соғысып жүргені әзірге белгісіз. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" бабы бойынша кемінде екі қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG