Accessibility links

Түркістанда Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өліміне байланысты сот өтпей қалды


Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылы.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылы.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровтың үстінен «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен қозғалған қылмыстық істі жабық қарайтыны мәлім болды. Марқұмның ата-анасы істі ашық қарауды талап етті.

Сот кеңсесіндегі мәліметке қарағанда, істе марқұмның әкесі Нұржан Ережепов пен анасы Индира Ерімбетова жәбірленуші деп танылған. Айыпталушы ретінде Сайдолим Гаийбназаров есімді адам көрсетілген.

Түркістан облыстық соты іске кәмелет жасқа толмаған қыздың қатысы болған соң жабық қаралатынын мәлімдеді.

«Бұдан бұрын күдіктіге жеңіл жаза беріп, босатып жіберген Сарыағаш аудандық сотының төрағасы жауапқа тартылмады. Ол туралы ешкім жапқан аузын ашпай тұр. Енді сот жабық болады дейді. Жәбірленуші болсақ та ішке кіргізбеді. Істің ашық қаралуын талап етеміз» дейді марқұмның әкесі Нұржан Ережепов.

Жұма күні марқұмның туыстары сот процесіне кіргізуді талап еткенде сот қызметкерлері полиция шақырмақ болған. Бұған жиналғандар наразылық білдірген.

Сот кабинетінде істі қарау 1 қыркүйекке белгіленгенімен облыстық сот сот отырысы өтпегенін хабарлады. Бірақ себебін түсіндірмеді.

Айыпталушы 15 шілде күні екі айға қамалған. Ол «мас хәлде ойнап жүрген 5 жасар қызды ән қойып беремін деп алдап өз үйінің ауласына кіргізіп, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданды. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасады» деген күдікке ілінген. Сот мәліметінше, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды өлтірген, ол үшін асхана пышағын пайдаланған.

13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көршісінің үйінің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суық хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап еткен. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.

Марқұмды туыстары 14 шілде күні жерледі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне бұл іске байланысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған.

Ресми мәліметке қарағанда, айыпталушы бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG