Үндістан Күнді зерттейтін аппарат тиелген ракетасын ғарышқа ұшырды. Polar Satellite Launch Vehicle (PSLV) деп аталатын ракета-тасығыш Aditya-L1 обсерваториясын Жер орбитасына аман-есен шығарған.
Ракетаны ұшыру сәтінен Үндістанның ғарыш зерттеулері ұйымы YouTube-те трансляция жүргізді. Оны 3,7 млн адам көрген.
Ғарыш аппараты Жерден 1,5 млн шақырым жерде орналасады. Оған баруға шамамен 4 ай кетеді. Аппараттың міндеті – Күннің сыртқы қабаттарын бақылау, ғарыш жағдайына әсер ететін факторларды зерттеу.
23 тамызда Үндістан Айдың оңтүстік полюсіне аппаратын қондырған алғашқы ел атанған. Айға сапар шамамен үш аптаға созылған. Айда жүретін аппарат пен қондыру модулі Жер серігінде 14,5 тәулік болады. Олар Айдың сейсмикалық белсенділігін, топырағы мен экзосферасын зерттейді.