Accessibility links

NYT: Ким Чен Ын қару-жарақ тасымалын талқылауға Ресейге сапарлап барады


Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен қол алысып тұр. Пхеньян, 24 шілде 2023 жыл.
Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен қол алысып тұр. Пхеньян, 24 шілде 2023 жыл.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қыркүйек айында Ресейге сапармен баруы мүмкін. Бұл жөнінде өз дереккөзіне сүйене отырып The New York Times газеті хабарлады. Басылымның мәліметінше, Солтүстік Корея лидері Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, қару-жарақ саласы бойынша ынтымақтастықты талқылауға ниетті.

Халықаралық басылымдар бұған дейін Мәскеу мен Пхеньян Украинадағы соғыста пайдалануға Солтүстік Кореяның қаруы мен оқ-дәрісін Ресейге тасымалдау туралы келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлаған. Бұл туралы Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби де мәлімдеген. Оның сөзінше, шілде айында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Пхеньянға сапары кезінде Ресейге оқ-дәрі жеткізу мәселесі талқыланған. Ресей мен Солтүстік Корея билігі мұны жоққа шығарды.

The New York Times басылымының жазуынша, Ким Чен Ын мен Путиннің кездесуі екі ел шекарасына жақын Владивосток қаласында өтуі мүмкін, оған Солтүстік Корея басшысы пойыз арқылы жете алады. Кездесудің қай күні өтетіні белгісіз, бірақ Владивостокта 10-13 қыркүйекте өтетін Шығыс экономика форумы кезінде болуы ықтимал. Дереккөздердің айтуынша, келіссөз Мәскеуде өтеді деген нұсқаны да жоққа шығармайды.

Журналистердің айтуынша, Ресей Солтүстік Кореядан артиллериялық снаряд, соның ішінде танкіге қарсы снарядтар алуды қаласа, Пхеньян Мәскеуден спутниктер мен атомдық сүңгуір қайықтарға арналған заманауи технологиялар мен азық-түлік алғысы келеді.

Екі ел билігі The New York Times ақпаратына ресми түрде түсініктеме бермеді.

Солтүстік Корея әлемдегі ең ірі артеллериялық қару-жарақ түрлеріне ие. Ол қару-жарақтың көбі кезінде совет армиясында болған калибрдегі снарядтарды қолданады.

Солтүстік Корея Ресейдің Украинадағы Қырымды және төрт облысты аннексиялап алғанын мойындаған санаулы елдердің қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG