Accessibility links

"Тоқаев келеді" деген СДУ-да күзет күшейді. Күзетшілер Азаттық тілшілеріне кедергі келтірді


СДУ студенттерін "Тоқаев келеді" деген ақпараттан соң автобуспен "саябаққа әкетіп жатыр". 5 қыркүйек 2023 жыл.
СДУ студенттерін "Тоқаев келеді" деген ақпараттан соң автобуспен "саябаққа әкетіп жатыр". 5 қыркүйек 2023 жыл.

Алматы облысы Қаскелең қаласындағы СДУ университетіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келеді деген ақпарат шыға сала оқу орны маңында күзет күшейді. Оқу орнына адамдар тізіммен кіргізіліп жатыр.

Оқу орнына барған Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжанды күзет ішке кіргізбеді. Өзін СДУ қызметкерімін деп таныстырған адам Азаттық тілшісіне университет алдындағы көпірде тұруға рұқсат бермей, күштеп төменге түсірген. Тілші жұмысына кедергі келтіргендер видеооператор Санат Нұрбековке "ҰҚК қызметкерімін" деп қызметтік құжатын көрсеткен.

Таңғы сағат 8.00-де университет аумағынан шыққан ондаған студент аялдамада тұрды. Олардың айтуынша, университет студенттерді жатақханадан шығуға міндеттеген. Азаттық тілшісімен сөйлескендердің бірі қалада қыдырамын десе, бірі туыстарына баратынын айтты. Студенттер "президент келеді деп, қауіпсіздік үшін бізді жатақханадан шығарып жатыр" деді.

Университетте сабақ әзірге басталмады. Азаттық сөйлескен студенттердің айтуынша, СДУ студенттерге алғашында оқу жылы 4 қыркүйекте басталады деп айтқан, кейін 6 қыркүйекке ауысқанын хабарлаған.

Аты-жөнін атамауды сұраған студент "бүгін "жатақханада тұратындарды университет арнайы автобус шақырып, қалаға алып кетті, олар саябақта қыдырып жүр" деп айтты. Шараға байланысты жатақханадағы кешкі ас уақытын да өзгерткен.

Азаттық тілшісіне университет өкілі Әлібек Әкімбай шығып, "шетелден халықаралық қонақтар келе жатыр, президенттің келетінін білмеймін. Сабақтың 6 қыркүйекте басталатынын студенттерге ескерттік" деді. Алайда университеттте қандай шара болатыны нақты айтылмады.

Ал СДУ университетінің баспасөз қызметі Азаттықтан жазбаша сауал жолдауды сұрап, кейін оқу орнына барған тілшімен басшылық сөйлесті деп жауап берді.

Ақорда 5 қыркүйекте президент Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келетінін хабарлады. Ақорданың жазуынша, сапар кезінде президент "Батыл тойтарыс – 2023" әскери оқу-жаттығу жиынына қатысып, өңірдегі бірқатар нысанды аралайды.

Ал СДУ студенттері мен оқытушылары кеше, 5 қыркүйекте университетке президент келеді деген хабар естіген.

СДУ университетін 1996 жылы 17 желтоқсанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирел ашқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG