Accessibility links

Тоқаев Ақтөбе облысына спортшыны, Шымкентке экс-елшіні әкім етіп тағайындады. Тоғжанов пен Әйтенов қызметінен кетті


Kazakhstan - Aktobe/Aqtobe mayor Askhat Shakharov
Kazakhstan - Aktobe/Aqtobe mayor Askhat Shakharov

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласының әкімін ауыстырды.

Ақтөбе облысы әкімі болып самбодан үш дүркін әлем чемпионы, осыған дейін президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған Асхат Шахаров тағайындалды. Шахаров Ақтөбе қаласының, БҚО-дағы Қаратөбе және Зеленов ауданының әкімі болған.

Шахаров 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде наразылармен келіссөз жүргізу үшін алаңға барып, "халықпен біргемін" деген еді. Ақтөбеде 3 қаңтардан бастап, демонстранттар күшпен таратылған 7 қаңтарға дейінгі аралықта наразылармен билік атынан Асхат Шахаров қана келіссөз жүргізген.

Осыған дейін бұл облысты басқарған Ералы Тоғжанов қызметінен босатылды. Ол Ақтөбе облысын бір жыл ғана басқарды. Тоғжанов Ақтөбеге барған журналист Асхат Ниязовтың облыстағы мәселелерге қатысты қойған сауалдарына қазақша сөйлеуді талап етіп, журналистің сұрақтарына жауап бермеген. Тоғжановтың бұл әрекеті қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары "әкім тілді қорған етіп, мәселелі сұрақтардан қашқанын" сынаған.

2020 жылдың қаңтарынан бері Шымкент әкімі болған Мұрат Әйтенов қызметінен босатылып, оның орнына Ғабит Сыздықбеков әкім болып барады. Сыздықбеков бұған дейін үкімет аппараты жетекшісінің бірінші орынбасары, Қазақстанның Сербиядағы елшісі, премьер-министр канцеляриясы жетекшісінің бірінші орынбасары болған.

Әйтенов әкім болып тұрғанда Шымкенттегі ипподром орнына тұрғын үй салуға рұқсат беріп, бұл шымкенттіктердің наразылығын тудырған. Қаңтар оқиғасында жақындарынан айырылғандар бірнеше рет әкімдікке баырп, Әйтеновпен тілдесуге тырысқанымен, ол жиналғандардың алдына шықпаған.

Тоқаев бұған дейін Ақмола және Жамбыл облысының әкімдерін де ауыстырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG