Accessibility links

Ақтөбе облысында Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл тұрғындары газдан уланды


Кеңқияқ кентінде газдан уланып, амбулаторияда емделіп жатқан балалар. Ақтөбе облысы, 5 қыркүйек, 2023 жыл
Кеңқияқ кентінде газдан уланып, амбулаторияда емделіп жатқан балалар. Ақтөбе облысы, 5 қыркүйек, 2023 жыл

Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылы тұрғындары 4 қыркүйек кешкісін жаппай газдан уланып, бірнеше адам дәрігер көмегіне жүгінген. Иіс тиіп қалғандар арасында балалар мен жүкті әйел бар деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарма мәліметінше, дәрігер көмегіне жүгінген 8 тұрғынның бәріне «газдан уланды» деген диагноз қойылған. Тұрғындардың жағдайы қазір жақсарған. Емін амбулаторияда жалғастырады.

- Кеше (4 қыркүйек) кешкілік ауылды жағымсыз иіс алып кетті. Немерелерім лоқсып, өзімнің де жүрегім айни бастады. Сағат кешкі сегіздер шамасы еді. Жұрт жаппай жедел жәрдем шақыра бастады. Газдың иісі түн ортасы ауғанша кетпей қойды. Бұл – бірінші рет емес. Былтыр қазан айында осылай болған. 2021 жылғы желтоқсанда да халық осылай газдан уланып қалған. Кеше улы газ Кеңқияққа жақын Шұбарши мен Саркөлде ауылына да тараған. Билік ауыл іргесіндегі мұнай кенішіне шаң тигізбей, түрлі сылтау айтып, үнемі халықты алдарқатумен келеді. Біз экологияны жүйелі түрде ластап, халықтың денсаулығына кесел келтіріп отырған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының үстінен прокуратураға шағымданамыз, – дейді Кеңқияқ кентінің тұрғыны Ардақ Құбашева.

Темір ауданындағы үш ауылдың тұрғындарына иіс тиіп қалғанын Ақтөбе әкімдігі де растады. Әкімдіктің хабарлауынша, жағымсыз иіс Шұбарши ауылындағы газ тарату станциясынан тараған.

«Шұбаршидегі газ тарату станциясында жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жөндеуден соң ережеге сәйкес өткір иісі бар одорант қоспасы жіберілген» деп хабарлайды әкімдік.

Одорант – табиғи газға иіс беру үшін қосылатын қоспа. Ол әдетте газдың таралуын бақылау үшін қолданылады. Әкімдік хабарламасында тұрғындардың нақты неден уланып қалғаны айтылмаған. Әдеттегідей жағдайдың бақылауда екені ғана баяндалады.

Кеңқияқ ауылдық окургі әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Серікжановтың сөзінше, қазір мәселенің мән-жайы тексеріліп жатыр.

- Мамандар газ тарату станциясындағы жөндеу кезінде құбыр бойына конденсат жиналып қалған болуы мүмкін дегенді де айтқан немесе ауаға химиялық қоспа тараған болуы мүмкін, – дейді Серікжанов.

Кеңқияқ – Ақтөбеден 220 шақырым жерде мұнай кенішіне жақын орналасқан ауылдық округ. Округ орталығы Кеңқияқ кентінде 8 мыңнан астам адам тұрады. Кеңқияққа жақын Шұбарши мен Саркөл ауылдарының алты мыңдай тұрғыны бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG