Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Жоғарғы сот 7 жылға сотталған өзбек азаматының үкімін өзгеріссіз қалдырды


Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 2023 жылғы шілде.
Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 2023 жылғы шілде.

5 қыркүйекте Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасынан соң 7 жылға сотталған өзбекстандық Нұрсұлтан Исаевтың (құжаты бойынша Isayov Nursulton Meyrbek ugli) үкімін өзгертпеді. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Мұрат Жолшиев хабарлады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.

Өзбекстан азаматы Исаев пен оның адвокаты Қылмыстық кодекстің "Әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасау" және "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу" баптары бойынша ақтауды сұраған, ал "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен келіскен.

– Сот шешімімен келіспейміз. Судья кассациялық шағымды оқымаған сияқты. Егер ғимаратқа шабуыл жасалса, кіммен байланысқанын, қандай зиян келгенін анықтау керек еді. Бұл туралы ештеңе айтылмады. Енді біз бас прокуратураға шағым жазамыз. Бұл нәтиже бермесе БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне қайырыламыз, - деді адвокат.

Қорғаушы Жолшиев сот кезінде Исаевтың "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу" бабы бойынша айыбы дәлелденбеді деп санайды. Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші деп танылған үш полицейдің екеуі жараланбаған, біреуі басынан жарақаттанған, бірақ сотта ұсынылған видеода полицейдің бас жарақатын алған сәті көрінбейді.

Бұған қоса, адвокат сотта полицейлер Исаевты кешіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрағанын айтады.

Жоғарғы соттағы отырысқа Азаттық тілшісін кіргізбеді, сотталушының анасы Әлия Исаева да сотқа қатыса алмады.

Іс материалдарына қарағанда, Алматыда Glovo платформасымен курьер болып жұмыс істеп жүрген Нұрсұлтан Исаев 2022 жылы 4 қаңтарда Алматы әкімдігі маңындағы алаңда болған.

Былтыр Алматы қаласы Бостандық ауданы соты Исаевты жеті жыл бір айға соттаған. 1 қарашада Алматы қаласының соты аудандық соттың үкімін қарап, жазаны жеті жыл деп белгілеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG