Ақмола облысы Атбасар түрмесінде азапталған "саяси тұтқын" Тимур Дәнебаевтың туыстары белсендіні басқа түрмеге ауыстыратынын хабарлады. Аты-жөнін атағысы келмеген туысы Азаттыққа Тимурды бүгін, 6 қыркүйекте басқа түрмеге ауыстыру үшін Атбасардың уақытша қамау изоляторына әкелетінін айтты.
- Тимурды бүгін Атбасардың уақытша қамау изоляторына ауыстырады. Мұны маған Атбасардағы мекемедегілер хабарлады. Оны этаптау мәселесімен Ақмола облыстық прокуратурасының сотқа дейінгі басқармасы айналысады. Менің есебімше, Тимурдың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтініш беру уақыты таяды. Ол шамамен жарты жыл қамауда отырды. Оның қамауда болған уақыты 1,5 күнге есептелгендіктен оның ерте босап шығу туралы өтініш беруге құқығы бар, - деді туысы Азаттыққа.
Азаттық тілшісі әзірге Ақмола облыстық прокуратурасының сотқа дейінгі басқарма бастығы Есенбек Қажығалиевпен сөйлесе алмады. Ол телефон тұтқасын көтерген жоқ.
38 жастағы Тимур Дәнебаев Атбасардағы ЕЦ 166/4 мекемесіне бір ай бұрын әкелінген. Астана соты оны 15 маусымда "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған.
Азаматтық белсенді Дәнебаевты колония қызметкерлерінің ұрып-соққаны туралы видео 3 қыркүйекке қараған түні әлеуметтік желіде тарады.
Билік азаптау туралы видеоға қатысты өте жұтаң ақпарат берді. Әлеуметтік желіде Дәнебаевтың азапталғаны туралы видео таралғанына бес күн өтсе де, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) журналистер сұрақтарына жауап берген жоқ. Апта басында ведомство сайтынша қысқа екі хабарлама жариялаған, бірақ онда қанша рет азаптау болғанын, қанша адам зардап шеккенін айтпаған еді.
Бүгін, 6 қыркүйек ҚАЖК ресми сайтында Дәнебаевты азаптауға байланысты Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастығы және оның орынбасары, колония бастығы мен 11 қызметкерді жұмыстан босату ұсынылғаны хабарланған. Кейін ҚАЖК бұл хабарламаны бір өшіріп, қайта шығарды. Комитеттің баспасөз қызметі мұны "техникалық қате" деп атаған.
Азаттық қанша адамның азаптау көргенін сұрап ҚАЖК-ға ресми хат жолдады, бірақ әзірге жауап келген жоқ. Азаттық тілшілері ЕЦ 166/4 түрмесіне хабарласқанымен, жауап болмады.
Ішкі істер министрлігіне қарайтын ҚАЖК түрмедегі жағдайға қатысты "азаптау" сөзін қолданбайды. Комитет "заңды талаптарға бағынбау фактілерінің жолын арнайы құралдарды қолдана отырып кесуі кезінде қызметкерлердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз" дейді.
ПІКІРЛЕР