Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (өткен аптада көлік министрлігі және өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болып екіге бөлініп кетті – ред.) Каспий теңізінің тартылуына байланысты Ақтау және Құрық порттарының жұмысы шектелгенін мәлімдеп, теңіз табанын қазу үшін 40,4 млрд теңге қажеттігін айтты. Бұл жөнінде LS сайты хабарлады.
Ведомствоның айтуынша, қазір порт акваториясының тереңдігі орташа есеппен 4,9 метр. Ал порттардың қалыпты жұмыс істеуі үшін су деңгейі 6,11 метр болуы керек. Осының салдарынан кемелерге тасымалдауға тиіс жүктердің 75 пайызы ғана тиелген. Теңіз табанын қазу жұмыстары жүргізілсе, кемелер толық жұмыс істей бастайды дейді ведомство өкілдері.
"Алдын ала есеп бойынша, теңіз табанын қазу жұмыстарына 40,4 млрд теңге керек. Жобалық құжатнамасын әзірлеу қажет. Жобаны жүзеге асыру 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Қазір қаржы көзі мен механизмі анықталып жатыр" деді министрлік өкілдері.
Каспий теңізінің тартылып жатқанын экологтар мен белсенділер, жергілікті халық көптен бері айтып келеді. Белсенділер барған сайын жағалаудан ұзай түскен Каспийдің мәселесін дереу шешпесе, ол Арал теңізінің кебін құшуы мүмкін деп алаңдайды.
Биыл маусымда Ақтау әкімдігі теңіз тартылып жатқанын, су деңгейі қатты төмендеп, жағалаудан алыстап кеткенін айтып, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған. Мамандар ХХ ғасырда біресе төмендеп, сосын қайта көтерілген Каспий деңгейі 2005 жылдан бастап түсе бастағанын айтады. Қазір Каспий суы Балтық теңізі деңгейінен 29 метр төмен.
ПІКІРЛЕР