Accessibility links

Теміртауда трамвай жұмысшыларына металлургия комбинатына ауысу ұсынылды


Трамвай депосы.
Трамвай депосы.

Теміртауда трамвай паркінің жұмысшыларына металлургия комбинатына ауысу ұсынылды. Тұрғындар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының меншігіндегі трамвай депосының тағдыры қазір "қыл үстінде" дейді. Олар трамвай паркін тұтас жауып тастауы да мүмкін деп те болжайды.

6 қыркүйекте Теміртауда трамвай депосының жұмысшыларымен жиналыс өтті. Трамвай паркінде барлығы 137 жұмысшы бар, шамамен 30-ы – жүргізуші.

—Бізге осы күнге дейін бәрі жақсы болады деп келді. Тіпті жаңа вагон сатып алу туралы да әңгіме болған. Жұрт шу шығармас үшін айтқан сияқты. Ал 5 қыркүйекте басшылық трамвай паркін жою туралы бұйрық шыққанын хабарлады, бірақ бұйрықтың өзін көрген жоқпыз. Жиналыс кезінде трамвай паркіне не болады деп сұрадық, бірақ нақты жауап алмадық, – деді Азаттыққа трамвай жүргізушісі Ирина Крикунова.

Жұмысшылардың айтуынша, бастапқыда жиналыс трамвай паркінде болады деп айтылған, бірақ әлеуметтік желіде трамвай паркін жабу мақсатында жиналыс өтетіні және оған БАҚ өкілдері қатысуы қажеттігі жөнінде хабар тарағаннан кейін кездесу басқа орынға – металлургия комбинатының ғимаратына ауыстырылған. Ондағы жиналысқа трамвай паркінің жұмысшылары, АМТ комбинатының басшылары, металлургтердің кәсіподағы, мемлекеттік орган өкілдері қатысқан.

—Бізге "трамвай паркінен жұмыстан шығасыңдар, егер қаласаңдар комбинатқа орналаса аласыңдар" деді. Жиналыс кезінде мамандықтар мәселесін де қарастыруға уәде берген. Алайда жиналыстан кейін белгіленген кабинетке барған кезде бізге жақсы ұсыныс айтылмайтыны түсінікті болды. Негізінен жалақысы аз қара жұмыс ұсынды. Ерлерге сәл жеңілірек шығар – слесарь, электрик, жолшы болып істегендерге комбинаттан жұмыс табылады. Ал жұмысқа орналасқысы келетін әйелдерді қайта оқытамыз деп жатыр. Ол жақта ұзақ жүре алмаймыз, бәрібір жұмыстан шығуға тура келеді. Жиналыстан кейін есеңгіреп қалдық, түсініксіз жайттар көп, — деді Ирина Крикунова.

Жиналыстан кейін "АрселорМиттал Теміртау" ресми сайтында ақпарат жариялап, жиналыстың мақсаты "трамвай паркі бойынша шешім қабылданғанға дейін жұмыс орындары туралы ақпарат беру" екенін хабарлады. Компанияда "жұмыс көп" деді АМТ өкілдері. АМТ дегенмен "трамвай паркі жұмысшыларының жұмыстан шығарылатындығы және депоның жабылатындығы" туралы ақпаратты терістеді.

Жиналыстан кейін көп жұмысшы Азаттыққа наразы екендіктерін, комбинаттан өздері істей алатын жұмыс табыла ма, жоқ па, ол мәселе сол күйі бұлыңғыр қалғанын айтты.

6 қыркүйекте Теміртауда белсенділер онлайн-петиция жариялап, трамвай депосын жаппауды және ауасы ластанған қалада экологиялық жағынан таза саналатын трамвайлардың жұмысын жандандыруды талап еткен.

Ақпан айында трамвайлардың жұмысы тоқтайтыны айтылғаннан кейін АМТ компаниясы тиісті тексеру және сараптама жұмыстарынан кейін "трамвай паркін Теміртау әкімдігінің балансына тапсыру туралы" шешім қабылданатынын айтқан. Бұған дейін жергілікті билік те трамвай паркін сақтап қалу қажеттігін алға тартқан. Тұрғындардың наразылығы мен әлеуметтік желіде қойылған сұрақтарға қатысты әкімдік әзірге реакция білдірмеді.

XS
SM
MD
LG