Accessibility links

Алматы әкіміне АЭС бойынша митингіге қатысты сұрақ қоймақ болған белсенділер өздерін залдан шығарғанын хабарлады


7 қыркүйекте Алматыда "Кемел" спорт кешенінде өткен қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу кезінде белсенділер әкімге "билік АЭС бойынша митинг өткізуге неге рұқсат етпей отыр?" деп сұрақ қойғысы келген. Алайда белсенділер Айна Бузик пен Мадина Көкетаеваға мұндай мүмкіндік берілмеген.

Белсенді, Алматы тұрғыны, көп балалы ана Айна Бузиктің айтуынша, бейсенбі күні ғимараттың дәретханасынан шыққан кезде жәй киім киген белгісіз екі ер адам өзін көлікке отырғызып, басқа жаққа алып кеткен.

– Мен дәретханадан шыққан кезде белгісіз екі ер адам атымды айтып, "жүріңіз" деп алып кетті. Таңертең тамақ ішіп шықпағандықтан әлсіреп тұрған едім – қарсылық көрсеткен жоқпын. Оның үстіне осылай болатынын шамамен болжағанмын. Олар мені көлікке отырғызып, қаланы ұзақ аралады. Кейін Атакенттен тастап кетті. Менің жанымда болған Мадинаны да солай алып кеткен екен. Оның телефонына хабарласқан кезде алмай тұрды, – деді Айна Бузик Азаттық тілшісіне.

Бұл оқиғаны белсенді Жібек Әменова да растады. Ол әкімге "менімен бірге келген белсенділер залда неге жоқ" және "АЭС бойынша митингілерге неге әкімдік рұқсат етпей отыр" деп сұрақ қойған. Әкім нақты жауап айтпай, "мәселені тексеріп көреміз" деген.

Әкімдік әзірге аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Белсенділер АЭС бойынша митинг өткізуге күш салып жүргеніне біраз уақыт болғанын айтады, бірақ әкімдік рұқсат бермеген. Белсенділер Айна Бузик, Мадина Көкетаева мен Марат Тұрымбетов Үлкен ауылындағы талқылаудан кейін әкімдікке АЭС бойынша митинг өткізуге қатысты 12 өтініш берген, 4-інде әкімдік "митингтен бас тартқан", ал 8-і қарастырылып жатыр деп айтылады.

"Біз өтініште сұралған орын ("Сарыарқа" кинотеатры маңындағы гүлзары) бос болмаса, кез келген балама орын беруді сұрадық. Бірақ әкімдік қалада митинг өткізуге бөлінген орындардың барлығы біз сұраған күні бос болмайтынын айтты. Енді осы бойынша жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Біз АЭС-тің зиянын, Балқашқа әсерін халыққа жеткізгіміз келеді. Ертеңгі күні қандай да бір жағдай болса, өзіміз кінәлі боламыз ғой. Ар-ұятымыз жібермейді, қалай ұйықтаймыз?! Бұл болашақ үшін митинг. Бейбіт митинг" деді Айна Бузик.

Алматы әкімдігінің 31 тамыз күнгі белсенділерге жіберген жауаптарында 16,17, 23,24 қыркүйек күндері "Сарыарқа" кинотеатры маңындағы гүлзар, Шоқан Уәлиханов алаңы мен Ганди саябағында "құрылыс монтаж жұмыстары жүретіні", сол себепті белсенділердің өтініштері орындалмайтыны жазылған. Оған Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы бастығының міндетін орындаушы Айдар Есенбеков қол қойған. Кейбірінде қала әкімі Ерболат Досаевтың да қолы бар.

8 қыркүйекте Азаттық тілшісі Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының бастығы міндетін атқарушы Айдар Есенбековке бірнеше рет хабарласты, бірақ ол тұтқасын көтермеді.

  • Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиналу құқығы жиі бұзылатынын айтып, бейбіт жиын туралы заңдағы кедергілерді алып тастауды талап етіп келеді. Билік сынға келіспейді.
  • Алматы облысы Үлкен ауылында 22 тамызда өткен АЭС бойынша жария талқылаудан кейін Қазақстан қоғамында АЭС төңірегінде дау қыза түскен. Қазақстан билігі АЭС бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ деумен келеді. Ал кейбір экологтар "билік станция салу мәселесін баяғыда халықсыз-ақ шешіп қойған, енді тек көзбояушылық арқылы халықпен санасқандай кейіп танытып жатыр" деп, жуырда Үлкен ауылында өткен "жария талқылауды" меңзеген.
  • "АЭС салуға қолайлы орын" деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында 22 тамызда АЭС бойынша жария талқылау өтіп, қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың айғай-шуымен аяқталған. Шарадан кейін энергетика министрлігі "Үлкен ауылының тұрғындары АЭС-ті қолдайды" деп мәлімдеді. Ал оған қатысқан өзге өңірлерден барған экологтар, белсенділер "АЭС салу мәселесін тек Үлкен емес, тұтас республика халқы шешу керек" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG