Accessibility links

Белсенділер АЭС салуға тағы қарсы шықты, энергетика министрі құрылысты қолдайтындар көбейді деді


АЭС салынады деген Үлкен ауылы.
АЭС салынады деген Үлкен ауылы.

17 тамызда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында қоғам белсенділері Үлкен ауылында АЭС салуға қарсы шықты. Белсенділер АЭС жобасына референдум өткізуді немесе мораторий жариялауды талап етті. Бұл туралы "Власть" сайты жазды.

Алматы облысындағы Үлкен ауылы Балқаш көлі маңында орналасқан. Белсенді Мейірхан Әбдіманапов көлдегі су мәселесіне алаңдайды.

"Балқаш көлі кішкентай, алайда оның жағдайы елдегі бес облыстың тағдырына әсер етеді. Атом электр станциясын Ресей салатын болса, онда ол қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. [Ресейге] санкциялар салынды, олар құрал-жабдықтың көбін басқа елдерден алды. Агрессор елмен келісімге қол қою өзімізге қауіп төндіреді" деді белсенді.

Заңгер Мәдина Көкетаева "біз қазір тұрғын үй кешені құрылысы мен жылу электр орталықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. АЭС туралы не айтуға болады?" деді.

Экономист Марат Абдурахманов АЭС орнына күн батареясы мен жел генераторларын салу экономикалық тұрғыдан тимді болар еді дейді.

17 тамызда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тағы да "Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданса, халық пікірі ескеріледі" деді. Бұл туралы министр Екібастұз қаласының жұртымен кездесуде айтқан. Бірақ Сәтқалиев АЭС салу бойынша халық арасында сауалнама жүргізіле ме, референдум өте ме, онысын нақтыламады.

"Әртүрлі пікір бар, бірақ АЭС салуды қолдайтындардың саны едәуір өсті. Өйткені олар құрылысқа қолданылатын технологиялар, станцияның қауіпсіздігі, оның елдің, аймақтың, ғылым мен білімнің дамуына беретін мүмкіндіктері туралы ақпарат алды" дейді Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, өңірлердегі қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады.

21 маусымда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС бойынша шешім әлі қабылданбады деп айтқан еді.

17 тамызда Қазақстан энергетика министрлігі Қазақстанда АЭС салуға Үлкен ауылы таңдалғанын ресми сайтында жариялады. Бұған дейін үкімет ауылды атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер деп айтқан. Министрлік станция салатын компанияға таңдау болатынын айтып, олардың тізімін шығарды:

  • HPR-1000 реакторлы қытайлық China National Nuclear Corporation компаниясы;
  • APR-1400 реакторлы кореялық Korea Hydro & Nuclear Power компаниясы;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлы ресейлік "Росатом" компаниясы;
  • EPR-1200 реакторлы француздың Еlectricitе de France компаниясы.

22 тамызда Үлкен ауылында АЭС салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Билік АЭС бойынша қоғамдық тыңдау биыл наурыз айында өтетінін айтқан. Алайда кейін ол белгісіз себеппен шегерілген.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі қоғамда түрлі дау туғызған. Бұған дейін Тоқаев халық пікірін ескермей "АЭС бойынша шешім қабылданбайды" деген. Бірақ маусым айында энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС мәселесі референдумға шығарылмайтынын мәлімдеген.

Былтыр күзде "Самұрық-Қазына" АЭС жобасына кірісіп кеткенін хабарлаған. Осыған дейін елде АЭС-тің "маңызын түсіндіру жұмыстары" жүргізілетіні де айтылған. Сол үшін былтыр қазақстандық блогерлер Корея мен Францияға да барған еді.

Билік "энергия тапшылығын шешудің бірден бір жолы АЭС" десе, экобелсенділер, экологтар мен энергетика саласы бойынша бірқатар сарапшы АЭС-ті қауіпсіз санамайтынын және коммерциялық тұрғыда да тиімді емес екенін айтқан.

Ресей бұған дейін Қазақстанда АЭС салу мәселесін бірнеше рет қозғаған. 2019 жылы сәуірде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ақпарат Қазақстан қоғамында ірі резонанс тудырды, жұрт ұсынысты сынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG