Accessibility links

Сарыағашта 5 жасар қыздың өліміне кінәліні бұрын жеңіл жазалаған судья жұмыстан шығуға өтініш берді


Жоғарғы соттың ғимараты.
Жоғарғы соттың ғимараты.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп өмірлік түрме жазасына кесілген 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты биыл «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеп, жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетенов өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш жазды. Мұны Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Марат Мұхамедсәлиев растады.

«Нұрқазы Шетеновтың өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш жазғанын растаймыз. Жоғарғы сот кеңесінің қандай шешім шығарғаны белгісіз» деді Мұхамедсәлиев Азаттыққа. Шетеновтің өтініш жазуына нақты не себеп болғаны ресми түрде айтылған жоқ.

Бұған дейін Жоғарғы соттың күдіктіні жеңіл жазалаған Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс бергені мәлім болған.

Жоғарғы сот кеңесінен Шетеновтің өтініші бойынша қандай шешім шығарғаны туралы ақпарат алу мүмкін болмады.

7 қыркүйек күні Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға химиялық кастрация жасалатын болды. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген.

Айыпталушы сотта өзіне жазаны жеңілдетуді өтінді.

Марқұмның ата-анасы үкіммен келісетінін, бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза беріп босатқан судья мен соттың шешіміне қарсылық білдірмеген прокурордың әрекетін тергеуді және жауапқа тартуды сұраған.

«Егер ол ( Гаийбназаровты айтады – ред.) бостандыққа шықпағанда менің қызым азаппен өлмейтін еді» дейді марқұмның әкесі Нұржан Ережепов.

Айыпталушы 15 шілде күні екі айға қамалған. Ол «мас хәлде ойнап жүрген 5 жасар қызды ән қойып беремін деп алдап өз үйінің ауласына кіргізіп, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданды, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасады» деген күдікке ілінген. Сот мәліметінше, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды өлтірген, ол үшін асхана пышағын пайдаланған.

13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көршісінің үйінің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суық хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап еткен. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.

Марқұмды туыстары 14 шілде күні жерледі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне бұл іске байланысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған.

Ресми мәліметке қарағанда, айыпталушы бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG