Accessibility links

Қуатты жер сілкінісінен кейін Марокко тұрғындары үйлеріне кіруге қорқып отыр


Марракештегі жер сілкінісі.
Марракештегі жер сілкінісі.

Марокко ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде қуатты жер сілкінісінен 2 мыңнан астам адам қаза болған. Зілзаладан опат болған 2012 адамның аты-жөні анықталған. 2050-ден астам адам жарақаттанған. Елде үш күндік қаралы күн жарияланды.

Жұма күні түнде болған жер сілкінісін мамандар соңғы жарты ғасырдағы ең қуатты зілзала деп бағалап отыр. Солтүстік Африкада мұндай зілзала өте сирек кездеседі.

Жер сілкінісінің магнитудасы – 6,8. Түрлі мәлімет бойынша, эпицентрі Атлас тауында 11 мен 18 шақырым тереңдікте орналасқан.

Сарапшылардың бағалауынша, қаза болғандар артуы мүмкін, себебі құтқарушылар жолы нашар аудандарға әлі жете алмааған. Марокко королі Мұхаммед VI құтқару жұмыстарына әскерді жұмылдырды. Іздеу-құтқару жұмыстарына тікұшақ, дрондар араласып жатыр.

Марокконың көптеген бөлігінде үйлеріне кіруден қорыққан жұрт жұмадан бері көшеде қонып жатыр. Эпицентр ошағынан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан Марракеште бұл құбылыс айқын көрінеді. Кейбірі жер сілкінісі қайталана ма деп қорқатынын айтса, кейбірі үйлерінің қирағанын немесе бүлінгенін айтқан.

Reuters-тің жазуынша, жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер арасында танымал Марракештің ескі бөлігінде көп үй қираған. Сенбі күні жұрт сол жақтан түсірілген қираған үйінділердің суретін әлеуметтік желіде жариялап жатты. Дегенмен ол жақта қаладағы танымал мейрамханалар жұмыс істеп тұрды.
XS
SM
MD
LG