Accessibility links

Еуропа одағы Украинадан тартып алған жерде "сайлау" өткізген Ресейді айыптады


Еуропа одағы сыртқы саясатының басшысы Жозеп Боррель

Еуропа одағы Украинадан тартып алған жерлерде "сайлау" өткізген Ресей әрекетін айыптап, оның салдары болатынын ескертті. Германия Еуропа одағы тағы да санкция салуы мүмкін екенін айтты.

11 қыркүйекте Мәскеу кремльшіл "Единая Россия" партиясы Ресей басып алған Украина жерінде өткен жергілікті "сайлауда" жеңгенін мәлімдеген.

Еуропа одағы сыртқы саясатының басшысы Жозеп Боррель бұл "сайлауды" халықаралық құқық нормаларын бұзудың тағы бір айқын көрінісі деп атап, сайлаудың өзін де, қорытындысын да мойындамайтынын хабарлады.

"Біз Украина жерінде заңсыз әскери бақылауын заңдастырғысы келетін Ресей әрекетін айыптаймыз", - деді Жозеп Боррель.

Оның сөзінше, Ресейдің саяси жетекшілігі мен дауыс беруді ұйымдастыруға қатысы бар ұйымдар заңсыз әрекеттерінің салдарына жолығатын болады.

11 қыркүйекте Берлинде баспасөз жиынын өткізген Германия сыртқы істер министрлігінің өкілі "сайлау" өткізуге жауапты тұлғаларға Еуропа одағы санкция салуы мүмкін екенін айтты. Еуропа одағы 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға жаппай басып кіргелі Ресей мен президент Путин айналасына барлығы 11 пакет санкция салған.

Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының жерлерінде Ресей 8 қыркүйекте "сайлау" өткізіп, 10 қыркүйекте аяқтаған.

Киев пен Батыс бұл "сайлауды" халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу деп бағалап, мойындамайтынын мәлімдеген. Ресей басып алған Украина жеріндегі дауыс беру процесі қарулы адамдардың бақылауымен өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG